СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Айдарбек Сапаров: “Көмір қоры молайтылып, жолдар уақытылы тазалансын”

Қаңтардың бірінші онкүндігі ақтүтек боранымен, саршұнақ аязымен есте қалды. “Қазгидромед” өкілдерінің болжауынша, алғашқы айдың қалған бөлігі мен ақпанда осыған ұқсас ауа райы сақталады. Демек, әлі жағаны жайлауға жіберуге болмайды. Әсіресе, жылуға жауапты жандар тақымдарын босатпауы тиіс. Олардың бүгінгі таңдағы басты міндеті – апатқа жол бермеу және көмір қорын молайту. Соңғысы бойынша айтсақ, қазір Петропавл 2-жылу электр орталығында 17 тәулікке жететін қара отын бар, ал өңір халқының қамтылу көрсеткіші 87 пайызды құрайды. Бұл тақырып облыстық әкімдікте өткен аппарат отырысына арқау болды. Жиында өңір жетекшісі Айдарбек Сапаров мәселенің өзектілігіне тоқтала келе, бейінді басқарма басшысына нақты тапсырма берді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Қатты аяз 10-15 күн бойы сақталса не істейміз? Жағылатын көмір ұлғайып, қор азаяды. Мұндайға жол бермеу керек. Сіздер кем дегенде 20 тәулікке жететін қара отын әзірлеу қажетсіздер. Халықты да ұмытпаңыздар. Вагондарды теміржол тұйықтары үздіксіз қабылдасын. Алдағы айларда көмір іздеп жүрмейік.

Облыс әкімі Петропавл 2-ЖЭО-дағы жағдаймен танысты

Бескөл мен Саумалкөл ауылының тұрғындары жылумен жөнді қамтылмаған. Ал Мамлютка қаласындағы ахуал тіпті мүшкіл. Айдарбек Сапаров аудан басшыларын сынға алып, жағдайды реттеуді тапсырды. Қаралған екінші мәселе – жолдардың тазалығы. Шыны керек, боран соққан сайын ауыл халқы сары уайымға салынады. Бір қызығы, әлі 6 ауданның басшылығы жол тазалайтын компания тауып, келісімшарт жасаспапты.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Барлықтарыңыз не істеп жүрсіздер? Біреу жолдан өте алмай жатыр. Біреу ауырып, ауруханаға жете алмай жатқан шығар. 2-3 күнде мәселені шешіңіздер!

Техника бар, бірақ республикалық маңызға ие жолдар да жөнді тазаланбайды. Сол үшін аймақ басшысы “ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясының өкілін сынады.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– 54 техника жүреді дейді. Соларды көріп тұрғанымыз жоқ. Сол 54-тің 30-ы жүрсе, жолдың жарқырап жатқанын көретін едік. Жұмысқа кірісіңіздер!

Петропавл көшелерінің тазалануы да көңіл көншітпейді. Бұған облыс әкімі шаһарды түн ішінде аралау барысында өзі көз жеткізіпті. Қала әкіміне іске қарқын қосу жүктелді. Жиын соңында Айдарбек Сапаров орынбасары Сәтжан Аблалиев пен аппарат өкілдеріне барлық мәселені бақылауға алуды тапсырды.