Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Петропавл 2-ЖЭО-дағы жағдаймен танысты

 

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров Петропавл 2-ші жылу электр орталығында болды. Қазір көктемде құлаған мұржаның ізі де жоқ. Мамандар жаз бен күзде нысанды толығымен бұзып, қыста 4 бірдей қазандықты пайдалану үшін құрылыс жұмыстарын жүргізіпті. Нақтырақ айтсақ, түтін жолдарын тұрғызған.

Маңызды жұмыс тәмамдалды. Осының арқасында қазір қуат ошағында 7 қазандық жұмыс істеп тұр. Мұнша көлем шаһарды жылытуға жетеді. Егер қажеттілік туындаса, резервтегі 2 агрегат қосылады. Тағы соншасы жөнделіп жатыр. “Жүз рет естігенше, бір рет көр”! Аймақ басшысы осы қағиданы ұстанатын сияқты. Айдарбек Сапаров нысанды аралап шықты. Танысу барысында «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бас директоры Олег Перфиловтан алаңдататын мәселелерді сұрады. Проблема жоқ емес, бар. Орталықта көмір қолын молайту қажет.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  20-25 күндік қор болу керек. Вагондармен проблема бар екен. Бүгін мен КТЖ-ның бастығымен сөйлестім, вагон мәселесі шешілетін болады.

Айдарбек Сапаров орынбасары Сәтжан Аблалиевке көмір қорын молайту мәселесін бақылауды ұстауды тапсырды. Қала әкімі Руслан Аңбаевқа да тапсырма жүктелді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Жылу мәселесі – Президенттің тапсырмасы. Бақылауда ұстау керек. Өз көзіммен көрейін деген оймен осында келдім. Мектептерде, ауруханаларда жылу болу қажет. Осыны қала әкіміне тапсырдым. Әкім өзінің бақылауына алады.

Сөз соңында өңір жетекшісі жауапты сала өкілдеріне нысандарды аралап, температураны бақылау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.


Байболат Култанов