Білім

Жас ұрпақтың жаңашыл жобалары

Петропавлдағы №8 мектеп-кешенінде Республика күніне орай оқушылардың тәрбиелік бастамаларына арналған тағылымды шара өтті. Оған қаланың төрт білім ордасынан келген жеті оқушы қатысты. Ұл-қыздар өз жобаларын таныстырып, тәрбие саласындағы тың идеялары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Денис Исаков бүгінгі байқауда экология тақырыбында өз жобасын таныстырды. 9-сынып оқушысы қоршаған ортаға зияны жоқ пластик ойлап тапқан. Крахмалдан жасалған полимерлік материал биологиялық жолмен ыдырайды.

ДЕНИС ИСАКОВ қалалық №8 эстетикалық тәрбие мектеп-кешенінің оқушысы:
– “Табиғат – біздің ең басты байлығымыз. Қазір қоршаған ортаға үлкен қауіп төніп тұр. Пластик қалдықтарының көптігі биосфераға, атмосфераға, тіпті гидросфераға орасан зиян келтіреді. Менің жобам пластик қалдықтарын азайтуға, кәдімгі пластиктің орнына крахмал негізіндегі материалды қолдануға бағытталған. Мен ойлап тапқан материал суда ериді әрі табиғи жолмен тез ыдырап кетеді”.

Байқауға қатысушылар жобаларын жеке немесе топ болып қорғады. Белгіленген регламентке сәйкес, әр үміткер өз жұмысының мазмұнын таныстырып, оның маңызын түсіндіруі тиіс. Мысалы, Кирилл Комлев мектеп оқушылары арасында пікірсайыс мәдениетін дамытуды көздейді. Ол мектептерде дебат клубын құруға арналған жобасын ұсынды.

КИРИЛЛ КОМЛЕВ, Бірінші гимназияның оқушысы:
– “Мен дебатпен өзім де айналысамын. Оның пайдасы зор деп есептеймін. Себебі, пікірсайыс сыни ойлау қабілетін дамытып, өз көзқарасыңды дәлелді жеткізуге және қарсы тараптың пікірін саралауға үйретеді. Біздің мектепте де түрлі клубтар жұмыс істейді. Олар оқушылардың жан-жақты дамуына мол үлес қосады . Сондықтан, дебат клубын облыс мектептерінде ашып, одан әрі дамытқым келеді”.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, байқаудың басты мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдау, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру және азаматтық жауапкершілікті арттыру.

НАТАЛЬЯ ФОМЕНКО, қалалық №8 эстетикалық тәрбие мектеп-кешені директорының орынбасары
– “Байқауға №8 мектеп-кешені, Бірінші гимназия, “Дарын” мектеп-лицейі және М.Жұмабаев атындағы лицейдің оқушылары қатысып отыр. Жобалар әртүрлі бағытты қамтиды. Оған “Цифрлық Қазақстан”, “Салауатты өмір салты”, “Мен – Қазақстан азаматымын” тақырыптары кіреді. Әр қатысушы өзіне жақын бағытты таңдады, жобасын әзірледі. Мұндай шаралар балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға ықпал етеді”.

Жеңімпаздарды тәуелсіз қазылар алқасы анықтады. Байқау қорытындысы бойынша үздік жобалар іріктеліп, қатысушылар мен жүлдегерлерге алғыс хаттар мен грамоталар табысталды.

Улан Ыдырыс