Білім

Петропавлда педагогтер арасында облыстық конференция өтті

Тәуелсіздік жылдарындағы қиындықтар, мемлекетіміздің даму қарқыны және білім саласындағы өзгерістер. Петропавлда Республика күніне орай “Қазақстан Республикасы: тарихи таңдау, ұлттық мүдде және болашаққа бағдар” атты облыстық конференция өтті. Шараға аймақтың түкпір-түкпірінен келген 250-ге жуық ұстаз қатысты. Алқалы жиында педагогтер өзекті мәселелерді талқылап, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызына тоқталды. Алқалы жиынның шымылдығын бейінді басқарманың басшысы Айнагүл Сұрағанова ашты. Ол өз сөзінде саладағы оң өзгерістерге тоқталды.

АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, облыстық білім басқармасының басшысы:
– “Биыл педагогтердің білімін арттыруға облыстық бюджеттен 180 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде 600-ге жуық ұстаз түрлі курстарға қатысты. Қазақ мектептерінің желісін көбейту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Шынымен, атқарылған жұмыс аз емес. Облыстық әкімдік тарапынан да зор қолдау көрсетіліп жатыр. Соңғы 7 жылдың ішінде аймақта 7 мектеп, 4 балабақша салынды, ондаған білім ұясы күрделі жөндеу көрді. Оқу орындары цифрлық технологияларды жиі қолданады. Қолданылған шаралардың нәтижесінде бір жылдың ішінде білім сапасы 4 пайызға артып, 60 пайызға жеткен.

АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, облыстық білім басқармасының басшысы:
– “3 жыл қатарынан облыста “Ауыл мектебі – сапа алаңы” атты жоба жүзеге асуда. Оның аясында елді мекендерде орналасқан мектептерде 80 заманауи кабинет ашылды”

Қазақ үшін жанын берген тұлғаларды дәріптеп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау қажет. Бұл маңызды жұмыс Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжде оң жолға қойылған. Оқу орнында 1500-ден астам студент оқиды. Олардың барлығы ақиық ақынның өлеңдерін жатқа біледі. Сонымен қатар, білім ұясында Мағжанға арналған театрландырылған қойылымдар, зерттеу конференциялары мен байқаулар жиі өтеді. Директоры Гүлжан Шәмілқызы мұндай шаралар саналы ұрпақ тәрбиелеуде зор көмегін тигізеді, – деп санайды.

ГҮЛЖАН ЖАҚАНОВА, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледждің директоры:
– “Қалада небір ұлы тұлғалардың аты берілген мектептер бар. Білім ұялары біздің жобамызды өздерінде қолданса, ел үшін жанын берген тұлғаларды дәріптесе, нұр үстіне нұр болар еді”.

Шарада конституциялық құндылықтарды іске асыру, ұлттық мүдделерді нығайту және адами капиталды дамыту мәселелері де көтерілді. Енді ұстаздар алған білімдерін өз мектептерінде қолданады.

Нурасыл Ахмет