Аптадағы маңызды жаңалықтар

Астанада СҚО-ның ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

Таң атқалы Астанадағы «Қазанат» ипподромы аумағында орналасқан ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне ағылған халықтың қарасы қалың. Бұл жолы елордалықтарға өз өнімдерін Павлодар, Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері ұсынды. Теріскейлік агроқұрылымдар саудаға шығарған өнім түрлерімен облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов танысып, жауапты тұлғаларға баға тұрақтылығын қамтамасыз етуді міндеттеді.

ДӘУРЕН ТОКУЖИНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
– “Бұл жәрмеңкенің фермерлерге тиімділігі, өз өнімдерін тұтынушыларға делдалсыз тікелей сатып жатқандығында. Сондықтан жәрмеңкедегі баға нарықтағыдан 10-15 пайызға төмен. Таң атқалы ет пен көкөніс саудасында кезек көп. Сондай-ақ, біздің Булаев майы, экстракласты ұнымызға, шұжық, Мамлют ұн комбинаты мен Астық Стэм өнімдеріне сұраныс жоғары. Халық риза, таңдағандарын алуда”.

Сөрелерде теріскейлік шаруалар өсірген мал еті, жергілікті кәсіпорындар өндірген сүт өнімдері, ұн, макарон, көкөніс пен басқа да азық-түлік молынан қойылған. Оның үстіне біздің өңірдің азық түлік өнімдері астаналықтарға жақсы таныс болғандықтан, сауда қызу жүруде. Әсіресе ет сөресі маңында адам көп.

ҮМІТ ШӘРІПОВА, сатушы, Уәлиханов ауданы:

-“Ет жақсы жақсы өтіп жатыр. Адамдар бәрі жақсы қарсы алып жатыр. Рахмет Астанаға осылай қарсы алып жатқанына. Ярмаркаға жыл сайын келеміз. Биыл жақсырақ былтырғыға қарағанда”.

Жәрмеңкедегі баға сынық, қолжетімді. Себебі, мұндағы сауда еш делдалсыз. Яғни тұтынушы тауар өндірушіден тікелей таңдаған өнімді қалта көтерерлік құнға сатып алып жатыр.

 

Бұл жолғы жәрмеңкеде Ақжар ауданына тиесілі ет сөресін толығымен етпен қамтамасыз етуді «Эрсалды» шаруа қожалығы өз мойындарына алған. Олар саудаға қазақы ақ бас сиыр мен жабы жылқысы және қой етін шығарыпты. Оның бәрі отбасылық шаруашылықта өз қолдарымен өсіріліп бордақыланған.

Екі күнге шақталған жәрмеңкеге Солтүстік Қазақстан облысынан жеткізілген азық-түліктің жалпы көлемі мың тоннадан асады. Оның ішінде 110 тонна ет, 585 тонна картоп пен көкөніс, 44,5 тонна сүт өнімі, 22 тонна шұжық, 221 тонна ұн және макарон өнімдері бар. Сонымен қатар, тұтынушыларға 120 мың дана жұмыртқа, 10,5 тонна бал, 5 тонна балық және өзге де азық-түлік ұсынылды.

РҮСТЕМ ДҮЙСЕНБЕКОВ, Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:
– “Жамбыл ауданынан негізінен картоп пен сәбіз әкелдік. Картоп 10 тоннадан артық, сәбіз – 5 тонна. Сондай-ақ, ет саудасына 15 бас қой, 10 бас ірі қара мен 10 бас жылқы етін шығардық. Бәрінің сапасы жақсы, өнімдеріміз жақсы өтіп жатыр”.

 

АЛТЫНБЕК МАҒЫМОВ – Айыртау аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:
– “Осы жәрмеңкеге Айыртау ауданынан жыл сайын қатысамыз. Қазір 3 тоннадан артық ет өнімдерін әкелдік. Жылқы, қара мал мен қой еті бар және де сүт өнімдерін әкелдік. Өзіміздің “Саумалкөл сүт” пен “Тезис” серіктестіктерінің қаймақ, май, ірімшік сыр секілді өнімдері. Жәрмеңке жақсы өтіп жатыр”.

Елордадағы екікүндік жәрмеңкеге өңіріміздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері әкелген өнім түрлері мен ауқымы мол. Одан Солтүстік Қазақстан облысының аграрлық әлеуетінің деңгейін қаншалықты екендігін айқын аңғаруға болады.

 

Астана төрінде өтіп жатқан дәстүрлі ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі қай өңір болмасын өз өнімдерін елорда нарығына шығарып, жаңа тұтынушылармен байланыс орнатуға мүмкіндік берері сөзсіз. Ал жәрмеңке барысында әр өңірдің көркемөнірпаздар ұжымдары сауда жасаушыларға ән мен жырдан шашу шашып, жұртшылыққа өз өнерлерін паш етті.

 

Жансая Дербисова