Қоғам

Қамқорлықты Қарттар үйінен тапқан қариялар

 

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “Қарттық шақта адамның бар тілегі — бала-шағасының ортасында отырып, немере сүйіп, ұрпағының қызығын көру. Бірақ тағдырдың жазғаны әрдайым көңілдегідей бола бермейді. Бір кезде баласын әлдилеп, түн ұйқысын төрт бөлген аналар мен ұл-қызын жеткіземін деп маңдай терін төккен әкелер бүгінде өзгенің қамқорлығына мұқтаж. Қазіргі таңда Смирноводағы қарттар үйінде 123 адам тұрады. Әрқайсысының тағдыры әр алуан. Десе де, дәл осы мекеме бұл жандарға лайықты кәрілік сыйлап отыр”.

Кезінде мына отырған қариялар аянбай еңбек етті, ұрпақ өсірді. Бірақ, қартайған шағында жалғыз қалды. Смирнов әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 120-дан астам қария тұрады. Сондай-ақ, жалғыз қалған мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Бірінің жақыны жазым болса, енді бірін туғандары тастап кеткен. Оның өзіндік себептері бар. Бүгінде оларды мемлекет өз қамқорлығына алып отыр.

СӘУЛЕ МЕЙРАМОВА, Смирнов әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары, Аққайың ауданы:
– “Мекемеде екі психолог бар. Мамандар күнде зейнеткерлермен тілдеседі. Аудандық ауруханадан дәрігерлер келіп, тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Талантты қарияларымыз аз емес. Талай байқаулар мен жарыстарда топ жардық”.

Қариялар мұнда алаңсыз өмір сүреді. Не ішемін, не жеймін, не киемін деп еш уайымдамайды. Теледидар көріп, өзінің сүйікті ісімен айналыса алады. Бөлмелері мұнтаздай таза, кірлері жуулы. Тек туған балаларының ата-ана алдындағы борышын мұнда санитарлар атқарып жүр.

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
–  “Мекемедегі қарттардың дені осы мекенде бірнеше жылдан бері тұрып келеді. Уақыт өте келе бұл жер олардың екінші үйіне айналған. Десе де өз шаңырағында, бала-шағасының жанында ғұмыр кешуді аңсайтындар аз емес. Бірақ, жақындарының қолына қайта оралу бақыты бәріне бірдей бұйыра бермейді. Мұндай жағдайлар мұнда өте сирек кездеседі”.

Сәуле Әбілованың орталықта еңбек етіп жүргеніне 15 жылға жуықтаған. Қазіргі таңда нәзікжанды 23 қарияға бала орнына бала, құрбы орнына құрбы болып жүр. Күніге асты-үстеріне түседі.

СӘУЛЕ ӘБІЛОВА, Смирнов әлеуметтік қызмет көрсету орталығының санитар қызметкері, Аққайың ауданы:
– “Таңертең өзіме бекітілген әр зейнеткердің хал-жағдайын сұраймын. Жайсыз жайттар орын алса керек мамандарды шақырамын. Барлығымен тіл табысып кеттік. Сенбі-жексенбі менде демалыс. Аталған күндері қариялар маған хабарласып, тезірек келуімді сұрайды”.

Орталықтағы зейнеткерлердің қарындары тоқ. Бес мезгіл тамақ беріледі. Барлығы санитарлық нормаға сай.

интершум 075

Мекемедегі зейнеткерлер шеттерінен талантты. Ән айтады, би билейді, бірнеше аспаптың құлағында ойнайды. Облыстық, аудандық байқауларда, түрлі концерттерде өз өнерлерін көрсетеді. Ахмет Ақбаевтың орталыққа келгеніне 7 жылдан асқан. Ол шығармашылықпен қатар, спортпен де айналысады. Шахматтан облыс чемпионы.

АХМЕТ АҚБАЕВ,
– “80-ші жылдары ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын техникумда оқыдым. Бірнеше жыл зоотехник болып еңбек еттім. Кешке қарай дүкенге жейтін заттар алып, замандастармен шай ішеміз”.

Мұнда 10 саусағынан бал тамған шеберлер де бар. Соның бірі – Сергей Домашников. Ол кішкентай таяқшалардан зәулім үйдің макетін құрастырған. Азаматты тағдыр қатты сынады. Кішкентайынан жетім қалған. Бірер жыл бұрын аяғын үсік шалыпты. Шебер орталыққа 11 жыл бұрын келген. Айта кету керек, ертең – Сергей Владимировичтің туған күні.

СЕРГЕЙ ДОМАШНИКОВ,
– “Жас кезімде электрмонтаждаушы болып еңбек еттім. Қолымнан бәрі келеді. Мекемедегі достарыма түрлі қолөнер бұйымдарын жасап, сыйға тартам. Маған орталықта бәрі ұнайды. Ешкімім жоқ. Бірақ, мұндағы достарым мен қызметкерлер туғанымдай болып кетті”.

Шынымен, жасалған жағдайға қариялар ырза. Зейнетақыларының бір бөлігін мекеменің шотына аударып отырады. Бұл қаржы керек-жараққа жұмсалады. “Адамдар кейде жақындарына уақыт таба алмай жатады. Ал мұнда біреудің есіктен кіріп, хал сұрағанын асыға күтетін жандар бар. Сондықтан, қарттарымызды қадірлеуді ертеңге қалдырмайық”, – дейді орталық мамандары. Айта кету керек, облыста мемлекет қамқорлығындағы қос Қарттар үйі бар. Екіншісі Тайынша ауданында орналасқан. Мекемелерде 300-ден астам адам тұрады. Қуанышқа орай, жыл сайын аталған ұйымдарға жүгінетін қариялардың саны азайып келеді.

Нурасыл Ахмет