Ауыл шаруашылығы

Тайынша ауданында өткен ауылшаруашылық жәрмеңкеде 60 тонна өнім сатылды

ЖАННҰР БЕКТҰРҒАНОВА, тілші:
– “Тайынша ауданында ауылшаруашылық жәрмеңке өтіп жатыр. Тұрғындарға тек жергілікті кәсіпкерлердің сапалы өнімдері ұсынылды. Ең бастысы – арада делдалдар жоқ. Сондықтан да тауарлардың бағасы дүкендерден 15-20%-ға төмен”.

Таң атысымен жәрмеңкеге жиылған жұрттың санында есеп жоқ. Жәрмеңкенің өтерін көп күткендей. Әр арнаулы шатырдың алдында ұзын-сонар кезек. Мұнда қыстық қорға қажеттінің бәрі бар, бастысы, балғын, бағасы арзан, сапасы да жақсы. Жәрмеңкеде “Бірлік ет” жеке кәсіпкерлігінің өнімдеріне деген сұраныс аса жоғары болды. Саудагерлер ысталған жылқы еті мен шұжықтың бірнеше келісін әкелген.

МӘДИНА ҚАЙЫРОВА, “Бірлік Ет” ЖК сатушысы, Тайынша ауданы:
– “Әкелген өнімдеріміздің барлығы табиғи таза. Шұжық қолдан жасалған. Етті малды адал өсірген азаматтардан аламыз. Бүгін бағаны дүкендегіден әжептәуір түсірдік. Тұрғындар келіп, дәмін татып көріп жатыр. Өнімнің сапасына сенімді болғандықтан, алып келген тауарымыз түгел өтіп кетеді деп ойлаймын”.

Еттен кейін кейін, сары майға деген кезектің көптігін байқадық.  Дастарқанның берекесі келісі 4690 теңгеден сатылды. Сиыр еті 3600-ден ұсынылса, жұмыртқаның ондығын 600 теңгеге алуға болады. Ауылдағы ағайынға төрт түлік малдың азығы да қажет. Сондықтан бұл жолы жәрмеңкеге жем мен шөп мол көлемде жеткізіліпті.

ВИКТОР МЕДВЕДЕВ, “Агро-Хлеб” ЖШС сатушысы, Тайынша ауданы:
– “Біздің шаруашылық Большой Изюм ауылында орналасқан. Негізінен бидай, арпа және майлы дақыл өсірумен айналысамыз. Жәрмеңкеге 36 орам сабан әкелдік. Әдетте оның бір-біреуі 6 мың теңгеден сатылады, біз бүгін 3 мың теңгеден беріп жатырмыз”.

Жәрмеңкеге барлығы 50-ден астам жергілікті тауар өндіруші қатысты.
60 тоннаға жуық азық-түліктік өнім, 200 тонна шөп пен 500 тонна жем сатылды.

АСАН ӘМРЕНОВ, Тайынша қаласы әкімінің орынбасары:
– “Іс-шараға ауданымыздың барлық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, фермерлері мен қайта өңдеушілері қатысып жатыр. Тауарлардың бағасы біраз төмендетілген. Мұндай акциялардың кәсіпкерлер үшін де пайдасы зор. Үлкен көлемдегі тауарды бір жерде тез өткізіп, жақсы пайда табады”.

Облыс бойынша жыл басынан бері 270-тен астам ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Сауда айналымы 542 млн теңгені құрады.

Жаннур Бектурганова