Қоғам

Қазан айына арналған ауа райы болжамы

Шуақты күндердің ауылы алыстап, салқын кезеңге де жеттік. Қазан қыркүйекше қуантпады, суық желі мен жауған жаңбыры, қылаулаған қары бүрсең қақтырды. Көгі азайған жер ақ көрпені қашан жамылады? Қыс ерте келуі мүмкін бе? Осы сұрақтарды ауа райына ұдайы болжам жасайтын синоптик мамандарға қойдық.

ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, “Қазгидромет” РММ СҚОФ бөлім басшысы:
– “Бірінші онкүндіктің екінші жартысында ауа температурасы түнде 1-6 градус суық, облыстың оңтүстігінде 2 градус жылы, күндіз 5-10 градус жылы күтіледі. Онкүндіктің соңында ауа температурасы түнде 3-8 градус жылыға дейін, ал күндіз 8-13 жылыға дейін жоғарылауы болжанады. Екінші онкүндікте ауа температурасының түнде 1-6 градус жылыдан 2-7 градус суыққа дейін, күндіз 14-19, облыстың солтүстігінде 9 градус жылыдан 6-11 градус жылыға дейін ауытқуы күтіледі”.

Ал айдың соңына қарай ауа температурасы төмендей түседі. Қараша жақындайды. Оның артында желі өткір, аязы басым қыс тұр.

ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, “Қазгидромет” РММ СҚОФ бөлім басшысы:
– “Үшінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде 2-7 градус суықтан 0-5 градус жылыға дейін, күндіз 6-11 градус жылыдан 11-16 градус жылыға дейін жоғарылайды. Онкүндіктің соңында ауа температурасы түнде -5-10 градус суыққа дейін, ал күндіз 3-8 градус жылыға дейін біртіндеп төмендейді”.

Солтүстікқазақстандықтардың еті жылыға үйреніп қалды. Адамдар әлі де күннің жылы болғанын қалайды. Жауын-шашын кей жерлерде нормадан жоғары болмақ. Ай ішінде қар да жауады. Күннің жылуы мен сууы тұманға, көктайғаққа әкеледі. Мұндай кезеңде жолға шыққан адамдар аса мұқият болғаны жөн.

 

 

Аружан Султанова