Қоғам

Аға буын өкілдері Петропавлдағы өндіріс ошақтарын аралады

Қарттар күнінде аға буын өкілдеріне Петропавлда жүзеге асып жатқан тың жобалар көрсетілді. Ардагерлер барған алғашқы нысан – “Nord Panels” зауыты. Ағашты терең өңдейтін өндіріс ошағы жылына 50 мың текше метр өнім шығарады. Құйылған инвестиция көлемі 8 млрд теңгеден асады.

ОГУЗХАН ЧЕЛИК, “Nord Panels” ЖШС директоры:
– “Зауыт 2024 жылы ашылды. Толықтай заманауи шетелдік қондырғылармен қамтылған. Мұнда 250 адам жұмыс істейді. Толық қуатына шыққан кезде тағы 100 адамды алуды жоспарлап отырмыз. Өнім Еуропаға экспортталуда”.

“Eco Glade” саңырауқұлақ фермасы өткен жылдың соңында қолданысқа берілген. Жылына 2400 тонна шампиньон мен 4 мың тонна компост өндіре алады. Қариялар ауқымды кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Өндіріс орны польшалық жабдықтармен жарақтандырылған.

ЕКАТЕРИНА АСАЁНОК, “Eco Glade” ЖШС директоры:
– “Мұнда саңырауқұлақ өсіріліп қана қоймайды. Өнім консервіленеді және тоңазытылады. Өнімді Ресейге экспорттаймыз. Ішкі нарыққа да жібереміз. Ел бойынша мұндай ферма тек Алматы облысында ғана бар”.

Жуырда ғана ашылған “Бейкертон” зауыты айына 10 млн тәтті тоқаш дайындауға қауқарлы. Өндіріс ошағына 37 млрд теңге инвестиция құйылған. Кәсіпорыннан шығатын өнімнің 98 пайызы Еуропаға жөнелтіледі. Нысанмен танысқан аға буын өкілдеріне жоғары бағасын берді. Зауытқа ресейлік беделді компания инвестиция құйған.

Қараша айында Петропавлда жүк көтергіш көлік жабдықтарын шығаратын зауыт ашылады. Жоба құны – 4 жарым млрд теңге. Мұнда алдағы уақытта көпірлі және эстакадалы крандар жасалады. Зауыттан шыққан өнімдер 500 тонна жүкті көтеруге қауқарлы

Аға буын өкілдері өндіріс ошақтарынан кейін Пестрое көлінің маңында салынып жатқан экопарктің құрылысымен танысты. Бірегей жобаның құны 3 млрд теңгеге жуықтайды. Алдағы уақытта мұнда 520 көлікке арналған автотұрақ, триатлон аймағы мен веложолақтар салынып, 200-ге жуық жарықшам орнатылады.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– “Экопаркте полицейлер, құтқарушылар мен медбикелер тәулік бойы кезекшілік атқарады. Бүгінгі күнге дейін 500 көшет отырғыздық”.

Барлығы 30-ға жуық аға буын өкілі Петропавлдағы тың жобалармен танысты. Атқарылған істер қариялардың көңілінен шықты.

ТІЛЕК ӘБДІРАХМАНОВ, тыл ардагері, облыстың Құрметті азаматы:
-“Қарқын жаман емес. Ең бастысы, халық игіліне жұмыс істесе болғаны. Еліміз аман, жұртымыз тиыш болсын. Қазыналы қарияларымыз көп болсын!”

Айта кету керек, қазіргі таңда облыста 102 мыңға жуық зейнеткер бар.

Нурасыл Ахмет