Смирново №1 орта мектебінің математика және информатика пәні мұғалімі Берік Аманжол ұстаздық жолында талайды тәнті етіп үлгерді. Ол сабақтарында қызықты интерактивтер, жаңа технологияларды қолданады. Балалардың психологиялық жағдайы мен мотивациясына ерекше көңіл бөледі.
Педагогика жолын таңдауына жұбайы әсер еткен. Жас ұстаздың оқушылары қалалық, облыстық және республикалық байқауларға белсенді қатысып жүр. Түрлі ғылыми жобалар сайыстарында жүлделі орын алады.
БЕРІК АМАНЖОЛ, Смирново №1 орта мектебінің информатика пәні мұғалімі, Аққайың ауданы:
-“Мектеп ұжымында жастарға ерекше қолдау көрсетіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Болашақ жастардың қолында» деп атап өткен болатын. Сондықтан біз бұл қолдауды сезініп, алға қарай жаңа мақсаттарға жетуге, балаларды жан-жақты дамытып, ғылыми жобаларға баулуға тырысамыз”.
Берік Аманжолдың спортқа құмар оқушылары волейболшылардың дағдыларын дамытатын арнайы тренажер жасап шығарған. Құрылғыны жобалауға бір жылдай уақыт кетіпті, ал жинастыруға бірнеше ай жұмсалды. Бұл – волейболшылардың допты қабылдау қабілетін шыңдауға арналған алғашқы дербес әзірлеме.
ИНДИРА АХМЕДЬЯНОВА, Смирново №1 орта мектебінің оқушысы, Аққайың ауданы:
– “Өзім волейболмен айналысамын. Құралдың біз үшін пайдасы өте зор. Құрылғы дыбыстық сигналы арқылы доптың қайда тигенін анықтап, көрсеткіштерді жақсартуға көмектеседі. Схема сызып, дәнекерлеу жұмыстарын өз қолымызбен жасадық. Келесі аптада бұл жобамызбен ғылыми жоба байқауына қатысамыз”.
Тағы бір оқушысы Софья ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған интерактивті математикалық тренажер құрастырып шықты. Құрылғы балалардың математикалық қабілеттері мен ұсақ моторикасын дамытуға бағытталған.
СОФЬЯ СУДЬИНА, Смирново №1 орта мектебінің оқушысы, Аққайың ауданы:
– “Бұл жерде түймелер мен тумблерлер арқылы қосу, азайту, көбейту амалдарын таңдауға болады. Сонымен қатар, логикалық шағын ойындар мен кубиктермен жұмыс істейтін орын бар”.
Бұл мектеп Смирново ауылындағы ең ірі білім ошағы болып табылады. Бүгінгі таңда мұнда 300-ден астам оқушы білім алады, жас ұрпаққа 50-ден астам ұстаз тәлім береді.
Жаннур Бектурганова