Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – құқық бұзушылықпен күрестегі маңызды бағыттардың бірі. Осы мәселе Оқушылар сарайында өткен комплаенс қызмет өкілдерінің форумында талқыланды. Жиынға өңірдегі 130-ға жуық комплаенс-офицер қатысып, құқық бұзушылыққа әкелетін себептерді азайту мен антикоррупциялық мәдениетті қалыптастыру жолдарын ортаға салды.
ДАРХАН ХАЙРУЛЛИН, СҚО бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы:
Білім беру саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алумен қатар, академиялық адалдықты сақтау да маңызды. Бұл бағытта еліміздің 42 жоғары оқу орнын біріктіретін Академиялық адалдық лигасы жұмыс істейді. Осы оқу жылында лиганың жалпы жиналысына төрағалық ету Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне берілді.
ИННА ДЖЕМАЛЕДИНОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің басшысы:
– “Қазіргі таңда университетімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйелі түрде жүргізіледі. Талаптар университеттің барлық негізгі бизнес-процестеріне енгізіледі. Бұл – бюджетті қалыптастыру, мемлекеттік сатып алулар, сондай-ақ, қызметкерлерді, оның ішінде оқытушылар мен мамандарды конкурстық негізде жұмысқа қабылдау. Сонымен қатар, академиялық адалдықтың сақталуына да ерекше мән береміз. Біздің басты мақсатымыз – университетте сыбайлас жемқорлыққа жол бермейтін және академиялық адалдыққа берік орта қалыптастыру”.
Бүгінде комплаенс-қызметтердің жұмысы тек белгілі бір мекеме аясындағы міндетпен шектелмейді. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардағы ашықтықты арттыру, қызметтік әдепті сақтау және адалдық қағидаттарын орнықтыру – ортақ жауапкершілік. Ал мұндай ұстанымның қалыптасуы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік пен құқықтық мәдениетті нығайтуға ықпал етеді.
Жансая Дербисова