Петропавлда “Күміс волонтер-2026” облыстық байқау өтті. Сайысқа жасы үлкен, өмірлік тәжірибесі мол, қоғамдық шараларға белсенді атсалысатын зейнеткерлер қатысты. Бақ сынайтан адамның саны – 8. Байқау 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қатысушылар өзінің өмірлік жолы, волонтерлікпен айналысу себебі мен ерікті ретінде атқарған жұмыстары жайлы баяндап береді. Ал екіншісінде белсенді ата-әжелер өз өнерлерін ортаға салып, шығармашылық қабілеттерін көрсетеді.
ДАЯНА БАЙМҰҚАНОВА, “Штаб JE SKO” ҚБ төрағасы:
– “Шараның мақсаты – күміс волонтерлікті насихаттау. Яғни, белсенді өмір сүруге жастың кедергі еместігін көрсету, ата-әжелерімізді қолдау. Қуанышымызға орай, біздің қатарымызда жомарт, қоғамға жақын егде жастаға адамдар жетерлік. Солармен мақтана аламыз. Егер арамызда мейірімді, талантты тұрғындар көп болса, өмір де нұрлана түседі деген ойдамын”.
Қатысушылардың арасында жасы 73-ке келген “күміс волонтер” Бақыт Ғалиақпарова бар. Ол волонтерлікпен 6 жыл айналысып келеді. Жағалауды тазарту жұмыстарына қатысқан, перинаталдық орталықта шала туған нәрестелерге жылы киім тоқыған, қарттар үйінде концерттер қойған. Туған қызы да анасының ізін басып, Алматыда ірі волонтерлік қозғалысқа мүшелік етеді екен.
БАҚЫТ ҒАЛИАҚПАРОВА, қатысушы:
– “Өзіме ұнайды. Жақсылық жасаған сайын өзіме де жақсы”.
Іс-шара соңында жеңімпаз бен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталады.
Жаннур Бектурганова