Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аграрлық секторды қолдау мақсатында елімізде ерте қаржыландыру тетігі жүзеге асырылуда. Соның арқасында шаруалар көктемгі егіс пен егін жинау науқанына алдын ала дайындалып, өтінімдерін ертерек бере алады.
– “Мұндай қолдау аграрийлерге жанар-жағармайды тиімді бағамен алуға, тыңайтқыштар мен тұқым қорын толықтыруға, техниканы жөндеуден өткізуге мүмкіндік береді. Дәл осы кезеңде ресурстардың қолжетімді болуы егіс жұмыстарының табысты өтуіндегі шешуші фактор болып саналады. ҚР АШМ “.
Осы орайда аграрлық несие корпорациясы “Кең дала-2” бағдарламасы аясында 1 қазаннан өтінім қабылдауды бастайды. Қаражатты корпорацияның филиалдары арқылы тікелей алуға болады. Сондай-ақ, екінші деңгейлі банктер, кредиттік серіктестіктер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы рәсімдеуге мүмкіндік бар.
АРМАН САЛЫҚОВ, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ СҚОФ директоры:
– “Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5% деңгейінде сақталады. Сонымен қатар, “Даму” қорының 83-85%-ға дейінгі мөлшерінде кепілдігін пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Қаржы техниканы жаңартуға, тыңайтқыш пен тұқым алуға беріледі”.
Мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып жүрген шаруашылықтардың бірі – Мамлют ауданындағы “СТАН” серіктестігі. Шаруашылық 1999 жылы құрылған. 6 мың гектарға жуық алқабы бар. Кәсіпкер Қанат Бекенов биыл “Кең дала-2” бағдарламасы аясында жаңа комбайн, камаз және егіс кешенін алыпты. Іскер азамат егінді уақытында егіп, өнімді шашау шығармай жинап алуда мемлекеттің көрсетіп отырған көмегі зор дейді.
ҚАНАТ БЕКЕНОВ, “СТАН” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:
– “Ерте қаржыландырудың жақсы көмегі бар. Желтоқсан айында өзімізге қажет тауарларды сатып алып қоямыз. Тыңайтқыш пен тұқымды ертерек алып қоямыз. Қыстың ортасында баға сәл төмен болады. 2027 жылы біз осы бағдарлама бойынша әрі қарай жұмыс істеуге ниеттеніп отырмыз. Тауар көлемі осы 2026 жылмен бірдей болады деп отырмын”.
Айта кету керек, өткен жылы аймақ аграрийлерін қолдау үшін ауқымды қаражат бағытталған болатын. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысында 650-ге жуық ауылшаруашылық тауар өндіруші 135 млрд теңге сомаға қаржыландырылған.
Жаннур Бектурганова