Қоғам

Жөнделген жолдың сапасын анықтаудың жаңа тәсілі

ЖАННҰР БЕКТҰРҒАНОВА, тілші:
– “Қазақстанда жөнделген жолдың сапасын анықтау жұмысы жаңа деңгейге жетті. Енді салаға жауапты мамандар төселген асфальтты ойып әуре болмайды. Бүгінде олардың қолында арнайы құрылғы бар. Цифрлық жабдық істі жылдам әрі артық күш салусыз тындырады”.

Мақтауға лайық PQI 380 құрылғысы Америкада өндірілген. Құны 11 млн теңге тұрады. Қазір Қазақстан бойынша 20 данасы қолданыста. Жабдықтың мүмкіндігі мол.

АЙДАР СӘДУАҚАСОВ, “Жол активтері сапасы ұлттық орталығы” РМК СҚОФ 1-ші дәрежелі инженері:
– “PQI 380 құрылғысы асфальт-бетон жабынының тығыздығы мен бірдейлігін анықтайды. Оны жол бетіне қойып, өлшеу жұмыстарын атқарамыз. Бұрынғыдай асфальтты ойып алудың қажеті жоқ. Аппарат қажетті көрсеткіштерді бірден экранға шығарады, аумақты бағалауға мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда бұл деректер зертханалық сынақ нәтижелерімен салыстырылып, қосымша тексеріледі”.

Зертханадағы тексеріс кең ауқымда жүргізіледі. Іске жауапты маманның бірі – Данияр Баймолда. Ол салада 7 жылдан бері еңбек етіп жүр.

ДАНИЯР БАЙМОЛДА, “Жол активтері сапасы ұлттық орталығы” РМК СҚОФ зертхана меңгерушісінің міндетін атқарушы:
– “Бұл зертханада үлгілер толық кептірілгеннен кейін оның орташа тығыздығы мен су сіңіргіштігін тексереміз. Содан кейін сынамаларды қайта қалыпқа келтіріп, тығыздалу коэффициентін есептейміз. Бұдан бөлек, асфальт қоспасы мен тас материалдарының беріктігін анықтау үшін түрлі сынақтар жүргіземіз. Барлық жұмыс жол жабынының тұрақтылығына қойылатын қатаң нормативтік талаптарға сай атқарылады. Шыққан көрсеткіштер аппаратқа орнатылады”.

Сол бойынша жаңа құрылғы автоматты түрде есептеу жүргізеді. Егер төселген асфальт нормаларға сай келмесе, мердігерлерге ескерту айтылып, жұмысты қайта жүргізу міндеттеледі.

ӘЛІБЕК ӨМІРЗАҚ, “Жол активтері сапасы ұлттық орталығы” РМК СҚОФ бөлім басшысы:
– “Аппарат сапасыз төселген аумақтың нақты шекарасын да анықтайды. Сол бойынша қайта қалыпқа келтіру жұмыстарының күрделілігін және уақытын болжауға болады. Жоспар бойынша анықталған кемшіліктер жойылады. Кейін учаскенің талаптарға сәйкестігін растау үшін қайта бақылау, бағалау жүргізіледі”.

Бүгінгі таңда заманауи жабдықтың көмегімен бірқатар кемшілік анықталыпты. Нәтижесінде 6 мың шаршы метр болатын аумақ мердігерлерге қайта тапсырылған. Қазір учаскелер екінші мәрте жөнделуде.

Жаннур Бектурганова