Қоғам

Петропавлда “Құтқарушы” зияткерлік ойыны өтті

Петропавл жоғары кәсіптік-техникалық колледжінің алдында әдеттегіден қарағанда студенттердің қарасы қалың. Бірақ бүгін олар күнделікті өтетін сабақтарына қатыспайды, сайысқа түседі. Жастар арнайы “Құтқарушы” зияткерлік ойынында бақ сынамақ.

АСҚАР НҰРТАЗИН, Петропавл жоғары кәсіптік-техникалық колледжінің оқытушысы:
– “Негізгі мақсатымыз – жастардың төтенше жағдай кезінде дұрыс әрі жедел әрекет ету қабілетін қалыптастыру, сондай-ақ азаматтық жауапкершілік пен патриоттық тәрбиені нығайту. Іс-шара Еңбек күніне орайластырылған. Биыл сайыс 3-ші рет ұйымдастырылып отыр. Жылдан-жылға қатысушылар саны артып келеді. Былтыр аталмыш сайысқа 10 колледж келсе, биыл бұл көрсеткіш 12-ге дейін ұлғайды”.

“Құтқарушы” зияткерлік ойынына облыстың 12 колледжінен келген 60-қа тарта ұл-қыз қатысты.

ДИЛЬНАЗ РАЙЫМБЕКОВА, Е.Серкебаев атындағы өнер колледжінің студенті:

– “Біз бұл квестке екінші жыл қатарынан қатысып отырмыз. Өнер адамы болғандықтан біз үшін мұндай тапсырмалар, ерекше әрі қызық. Сайысқа жыл сайын қатысамыз. Былтыр 10 команданың ішінен 4-шіорынға жайғастық. Биыл жүлделі орындарға ие болуға тырысамыз. Себебі, дайындығымыз жақсы”.

Белгі берілді, қатысушылар дереу сайысқа кірісті. Енді ұл-қыздар 10 бекеттен өтуі тиіс. Барлық кезеңде дұрыс әрі тез әрекет еткен команда ұпай еншілейді.

Әр аялдаған жерде ерекше тапсырмадан бар. Ол – адам құтқару, алғашқы медициналық көмек көрсету, өрт қауіпсіздігі туралы міндеттер.

Бұдан бөлек колледж қабырғасында “Үздік мамандық” байқауы өтті. Сайыс 3 бағыт бойынша білім алып жатқан студенттер арасында ұйымдастырылып, өз ісінің шеберлері анықталды. Айта кетейік, квест соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге алғыс хаттар мен медальдар табысталады.

 

Улан Ыдырыс