Ауыл шаруашылығы

СҚО-да биыл 48 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ: тілші:
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Облыста да бұл бағыттағы қарқын жаман емес. Жыл басынан бері өңірде жауаптылар 48 мың гектар аумақты мемлекетке қайтарды. Алдағы уақытта бұл жерлер қайта айналымға қосылып, тиісті мақсатта игерілетін болады.

Дәлірек айтсақ, жер телімдері жайылым мен егін шаруашылығы үшін берілгенімен, жалға алушылар оларды мақсатты түрде игермеген. Мемлекет меншігіне қайтарылған аумақтың кадастрлық құны 600 млн теңгеден асады. Аталған бұзушылықтарды облыстық жер ресурстарын басқару департаменті анықтапты. Жауаптылар биыл 220 тексеру жүргізген. Бақылау жұмыстары 104 мың гектар аумақты қамтыды.

АЙТПАЙ БАЙДҮЙСЕНОВ, облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары:
– Тексеру жұмыстарының нәтижесінде 55 мың гектар жерге қатысты 115 заңбұзушылық анықталды. Олқылықтарды жою мақсатында иелеріне 92 нұсқама берілді. Биыл жер заңнамасын бұзу фактілері бойынша 70 әкімшілік іс қозғалды. Оның 48-і бойынша кінәлі тұлғаларға 13,7 млн теңге айыппұл салынды.

Заң бойынша жалға алушы жерді 3 жылдың ішінде игеру қажет. Егер аумақ жай тұрса алдымен азаматқа айыппұл салынып, тағы бір жыл мерзім беріледі. Егер осы уақыт ішінде жағдай өзгермесе учаскелер мемлекет меншігіне қайтарылады.

Нурасыл Ахмет