Қоғам

Петропавлда болашақ ұшқыштар тәжірибеден өтуде

АРУЖАН СҰЛТАНОВА, тілші:
– “Петропавл халықаралық әуежайында болашақ ұшқыштар тәжірибе жинап, өз дағдыларын жетілдіруде. Әуеде ұшқыштан дәлдік, сабырлық және жауапкершілік талап етіледі. Оның басты міндеті – жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету”.

Алматы қаласындағы Азаматтық авиация академиясының студенттері Петропавлға тәжірибеден өтуге келді. Солардың бірі – Бейбарыс Мырзағалиев. 22 жастағы ақтөбелік азамат 4 жыл теориялық білім алды, ендігі кезекте – практика. Ал бұл кезеңде қажеттінің барлығын асқан мұқияттылықпен меңгеру керек.

БЕЙБАРЫС МЫРЗАҒАЛИЕВ, Азаматтық авиация академиясының студенті, Алматы қаласы:
– “Бұл мамандықты 10-сыныпта оқып жүргенде таңдаған болатынмын. Ақтөбеде Талғат Бигелдинов атындағы әскери әуе күштерінің институты бар. Сол институттың жанынан күнде өтетінмін, үйіміз де әуежайға жақын орналасты. Осының бәрі мені қызықтырды. Содан бері физика-математика жағынан өзімді дамытып, оған қоса ағылшын тілін үйреніп жүрдім. ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырып, керекті балымызды жинап, осы мамандыққа тапсыруды жөн деп санадым”.

Бұлттан биік зымырауды көздейтін студенттерге тәжірибелік кезеңде 200 сағат ұшу мүмкіндігі беріледі. Болашақ ұшқыш оның 20-ға жуық сағатын Петропавлда ұшып үлгерген. Жерде көлік жүргізудің өзі оңай емес, ал аспанда ұшақпен ұшу тіпті қиын. Мұнда адам барлық жағынан дайын болуы тиіс.

БЕЙБАРЫС МЫРЗАҒАЛИЕВ, Азаматтық авиация академиясының студенті, Алматы қаласы:
– “Алдымен нұсқаушымен бірге оқу-жаттығу ұшуларын өткізіп, кейін тапсырмаларды өзіміз орындаймыз. Қарапайым жаттығулардан бастап, сосын ұшу мен қону тәсілдерін пысықтаймыз. Одан кейін басқа қалаларға маршруттық ұшулар басталады. Мәселен, Таразда жүргенде Түркістан мен Шымкентке ұшып бардық. Басқа борттармен және әуе диспетчерлерімен байланыста боласын”.

Петропавлда мұндай оқыту шарасы алғаш рет қолға алынып отыр. Болашақ мамандарды даярлау – келешекте кадр тапшылығын жоюға зор септігін тигізетін бастама.

ӘБІЛ КЕКІЛБАЕВ, “Қызыл-Жар” халықаралық әуежайының директоры:
– “Қазақстандағы әуежайлардың бәрінде ұшқыштарды даярлауға мүмкіндік жоқ. Бүгінгі кезде 2 ұшақ ұшып жүр. Олар: Diamond 40, Diamond 42. Оларда инструменталдық, визуалдық ұшуларды қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Оған қоса студенттер түнгі ұшуларды тәмамдап жатыр”.

Тәжірибе толықтыру үшін неге Петропавл таңдалды? Басты себеп – инфрақұрылым тұрғысында мүмкіндік бар. Одан қалды біздің жазық табиғат жастардың шеберлік шыңдауына тікелей әсер етеді. Айта кету керек, болашақта қаламызда Азаматтық авиация академиясының филиалы ашылуы мүмкін. Оқу орнында ұшқыштармен қатар, инженерлік бағыттағы, әуежайға қатысы бар маңызды мамандар дайындалмақ.

Аружан Султанова