Қоғам

СҚО PISA нәтижесі бойынша үздік үштікке енді: зерттеу нәтижесі облыстық семинарда талқыланды

СҚО PISA халықаралық зерттеу нәтижелері жөнінен еліміздің үздік үш өңірінің қатарына енді. Сынақ қорытындысы бүгін Өрлеуде өткен педагогтердің басқосуында талқыланды. PISA – әр 3 жыл сайын 15 жастағы оқушылардың мектепте алған білімін өмірде қаншалықты қолдана алатынын тексеретін халықаралық зерттеу. Сынақ тест түрінде өткізіледі. Оған облыста 66 оқушы қатысқан.

ӘМИНА ТАЙЛАНОВА, “Өрлеу” БАҰО АҚ СҚОФ кафедра меңгерушісі:
– “Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысы – жалпы Қазақстан бойынша математикалық және оқу сауаттылығында үшінші орында. Математикалық сауаттылық бойынша олар – 432 балл, оқу сауаттылығы бойынша – 417 балл, ғылыми-жаратылыстану бағыты бойынша 456 балл алды. Қазақстан бойынша біздің облысымыз негізінен бірінші орында, бірақ халықаралық зерттеулермен салыстырғанда басқа елдермен біз әлі де төмен көрсеткіш көрсетіп отырмыз”.

Жиын барысында ұстаздар қауымы PISA тапсырмаларын сабақта қолдану жолдарын талқылады. Шараның практикалық бөлімі бес секцияға бөлінді. Мұнда оқу және тілдік сауаттылық, математика, бастауыш сыныптағы функционалдық сауаттылық бағыттары қамтылды. Педагогтер шеберлік сағаттары мен демо-сабақтарға қатысып, тәжірибе алмасты.

ГҮЛІМЖАН ӘБЖАНОВА, Ю.А. Гагарин атындағы №14 орта мектебі директорының орынбасары:
– “Жалпы, PISA балалардың жаттаған ережелерін ғана тексермейді. Ол алған білімін өмірде қалай қолдана алатынын бағалайды. Сондықтан, оқушы ақпаратты түсініп, талдап, қорытынды жасай білуі керек. Бұл дағдыларды біз сабақ барысында қалыптастыруымыз қажет”.

Мұғалімдер мен ата-аналар үшін ең маңыздысы – оқушының алған білімін өмірде қолдана алуы. Сондықтан педагогтер сабақта баланың ойлау, талдау жасау қабілетін дамытуға басымдық беру қажеттігін айтты.

Аружан Султанова