Қоғам

Жұлдыз Сүлейменова: “Ата-аналар мұғалімнің жеке өміріне құрметпен қарауы тиіс”

Мұғалім болу арқаңа ауыр жүк артқанмен бірдей. Қазір сабақ беру, әр баланың бабуын табу, одан қалды әке-шешемен жақсы байланыс орнату оңай шаруа емес. Кей кезде ұстаздар жанұясын, ұл-қыздарын екінші сатыға сырып, тынымсыз еңбек етеді. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың ұсынысы жарық көрді. Еліміздің бас педагогы ата-аналарға мұғалімдерге кешкі 18:00-ден кейін хабарласпау жөнінде пікір білдірді.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР Оқу-ағарту министрі:
– “Әр педагог орта есеппен күніне 6 оқу сағатын өткізеді. Оның барысында мұғалім жүздеген баламен жұмыс істейді. Әр сыныпта шамамен 25 бала деп есептейік, олардың әрбірімен сөйлесіп, оларды тыңдап, бағалап, балаларға сабақ үйретеді, қосымша тапсырма береді. Осылай күніне 6 сыныптың оқушысымен жұмыс істейді. Сабақ уақыты біткен соң, олардың дәптерін тексеріп, баға қояды. Келесі күні сабаққа жақсы дайындықпен келуі үшін мұғалім тынығуы керек. Сондықтан ата-аналар мұғалімнің кешкі уақыттағы жеке өміріне құрметпен қарауға тиіс”.

Тарыдай болып келген баланы таудай қылып шығаратын ұстаздар әрдайым құрметке лайық. Министрдің ұсынысын солтүстікқазақстандық педагогтер құптайды. Олар артық қоңыраулар шалынбаса, үздіксіз хабарламалар келмесе, уақытты тиімді пайдаланар едік дейді.

ГҮЛНҰР МҰХАМЕДЖАНОВА, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:
– “Кешкі 18:00-ден кейін ұстаздарды мазалмау ұсынысы әр ата-анаға жетсе екен дейміз. Мұғалім кешкілік ертеңгі күнге дайындалады. Жанұясы, бала-шағасы бар. Біз үйге көңіл бөлмей жатамыз. Мысалы, менің қызым 2-ші сыныпта оқиды. Кейде қызыма көңіл бөлмей қаламын”.

Ата-аналар не дейді? Әрине, бес саусақ бірдей емес, қоғамда әртүрлі пікір айтылуда. Бірі мұғалімдердің жұмысына түсіністікпен қараса, екіншісі кереғар пікір білдіруде.

ЕЛАНА МУКАЖАНОВА, ата-ана:
– “Мектепте оқитын 2 баланың анасы ретінде айтарым, ата-ана мен ұстаз арасындағы байланыс үнемі болуы заңды. Дегенмен, мұғалімнің де отбасы, балалары және жеке уақыты бар екенін ескергеніміз жөн. Сондықтан жұмыс уақытынан тыс кезде педагогке хабарласпас бұрын мәселенің қаншалықты шұғыл екенін ойланған дұрыс. Егер сұрақты кейінірек қоюға мүмкіндік болса, асықпай күткен жөн деп ойлаймын. Осындай түсіністік пен сыйластық оқу үдерісінің де тиімді болуына ықпал етеді”.

Қорытындылай кетсек, әзірге министр мәлімдемесе ұсыныс күйінде қалып отыр. Алдағы уақытта ата-аналар қауымдастығы осы мәселені жан-жақты қарамақ. Соның қорытындысы бойынша елімізде кешкілік уақытта чаттарды толық бұғаттау немесе жауап бермеу ережесі шығуы мүмкін.

Байболат Култанов