Бұл – “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” облыстық филиалының зертханасы. Мұнда аймақта салынып жатқан жолдардың сапасы тексеріледі. Қазіргі таңда мамандар “KazDorLab” цифрлық жүйесінің игілігін көріп отыр. Алдымен зертханашылар әкелінген сынаманы таразыға қояды. Кейін мына смартфонда бірден төселген асфальттің өлшемі мен тығыздығы көрсетіледі.
АЛЕКСЕЙ РАЙЛЯН, “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” РМК СҚОФ зертхана меңгерушісі:
– Филиал инженерлері салынып жатқан жолдардан сынама алады. Кейін оны орталыққа әкеледі. Зертханашылар асфальтбетонды жіті зерттеп, нәтижесін шығарады. Ең алдымен сынаманың тығыздығы мен су өткізгіштігіне баса назар аударамыз.
Цифрлық жүйе мамандардың қолын ұзартып қана қоймай, жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Зертханада сынаманың су өткізу көрсеткіші де тексеріледі. Себебі, асфальтбетонға су өтсе, қыста қатып, жолды жарып жібереді. Сонымен қатар, мұнда жұмыс істейтін мамандар қиыршық тастың сапасын да қарайды.
ҚАНАТ ӨСЕРБАЕВ, “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” РМК СҚОФ директоры:
– “Филиал мамандары учаскелерде 300-ден астам тексеру жұмыстарын жүргізді. 1500-ға жуық сынама алынды. Оның 21 пайызы талапқа сай келмеді”.
Айта кету керек, орталық анықталған кемшіліктер бойынша мердігер мен тапсырыс берушіге хат жолдайды. Жауапты серіктестік тез арада олқылықтардың орнын толтыруы тиіс.
Нурасыл Ахмет