Полициямен жедел байланысуға мүмкіндік беретін SOS батырмалары тұрғындар үшін қолжетімді сервистің біріне айналды. Құрылғы арқылы қажет жағдайда құқық қорғау органдарына бірден хабарласуға болады. Мұндай мүмкіндік Петропавлдғы Назарбаев көшесінде орналасқан “Северный” дүкенінің маңында да бар. 13 шілде күні осы батырманы егде жастағы тұрғын басып, екі көлік соқтығысып, зардап шеккендер барын полицияға хабарлаған. Полицияға жүгінудің тағы бір жолы – мобильді қосымшалар. 8 айдың ішінде облыста тұрғындардан 548 өтініш түскен. Олар “102” қосымшасы және eGov Mobile, Kaspi мен Halyk банкке тиесілі “Заң және тәртіп” сервисі арқылы жасалған. Оның 276-сы жол қозғалысы ережелерін бұзу және жол-көлік оқиғаларына қатысты. Ал 23 өтініш бойынша ақпарат тексеріліп, қылмыстық іс қозғалған. Соның бірі есірткі таратумен байланысты.
ТҰРАР БАЗАРОВ, СҚО ПД ЖБО кезекші бейнебақылау инспекторы:
– Петропавл қаласында 20 SOS шұғыл шақыру батырмасы жұмыс істейді. Олар қауіп төнген жағдайда азаматтарға полиция қызметкерімен жедел байланысып, қажетті көмек алуға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері SOS батырмалары арқылы 7 өтініш келіп түскен.
Қауіпсіздікке келгенде әр секунд маңызды. Сондықтан, полицияға жедел хабарласуына мүмкіндік беретін SOS батырмалары мен мобильді сервистер тұрғындар үшін қажет.
Жансая Дербисова