Қоғам

Астық элеваторларға жеткізілуде

Осы күндері облыстағы элеваторларға дәнді және майлы дақылдардың алғашқы легі түсуде. Түгін тартса майы шығатын Тайыншаның алқаптарында биыл астық бітік шықты. Алтын дәннің бір бөлігін “Элеватор Тайынша” серіктестігі қабылдайды. Мұнда алдымен бұршақ пен арпа жеткізілген. Қазір бидай да тасымалдануда.

ТАТЬЯНА ШАЛЯ, “Элеватор Тайынша” ЖШС зертхана меңгерушісі, Тайынша ауданы:
– Біз биылғы астықты 31-ші шілдеден бастап қабылдай бастадық. Ағымдағы жылы жиналған өнім өткен жылғыға қарағанда әлдеқайда құрғақ. Бастапқыда ылғалдылық көрсеткіші 14 пайызды құрайтын бидай жеткізілді, қазір тура сондай арпа түсуде. Элеватордың сыйымдылыға 98 мың тоннаны құрайды. Қазір шамамен 40 пайызға толып тұр.

Астық тиелген көлік келісімен зертхана мамандары дереу эксперсс-талдау жүргізеді. Дәннің иісі мен түсіне мән беріледі. Кейін өнімнің ылғалдылығы, дән маңызы анықталады. Ал толық тексеру 2 сағатқа жуық уақытты алады.

ТАТЬЯНА ШАЛЯ, “Элеватор Тайынша” ЖШС зертхана меңгерушісі, Тайынша ауданы:
– Зертханада бір ауысымда 4 адам жұмыс істейді. Зертханашылар тобы құрылған. Толық тексеруден өткізу үшін бидайдың орташа тәуліктік үлгісін жинаймыз. Алдымен салмағын өлшеп, дән маңызын жуып шығарамыз. Сонымен қатар, астықтың тазалығын, зиянкестермен зақымданғанын және дән мөлдірлігін міндетті түрде тексереміз. Осы негізгі көрсеткіштер арқылы бидайдың класы анықталады.

Жаңа өнімді қабылдау үшін облыста жалпы сыйымдылығы 6,8 млн тоннаны құрайтын орын әзірленген. Оның жартысына жуығы 44 астық қабылдау орнына тиесілі. Бүгінгі таңда олардың толымдылық көрсеткіші 20,2 пайызды құрайды.

Жаннур Бектурганова