Мағжан Жұмабаев ауданындағы Қарақоға ауылында Орловтар әулетінің үш буыны дауыс берді. Зейнеткер Александр Леонидович бүгін сайлауға бүкіл отбасын бастап келіп отыр. Берекелі жанұя үшін берік дәстүр болып қалыптасқан қадам – әрі азаматтық жауапкершілік әрі ұрпаққа үлгі-өнеге. Атасының ақылын тыңдап өскен Вероника биыл мектеп бітіріпті. Бүгін алғаш рет дауыс берген бойжеткен сайлауға қатысуын өзінің парызы деп біледі.
ВЕРОНИКА ОРЛОВА, Қарақоға ауылының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:
– Бүгін бүкіл әулетімізбен дауыс беруге келдік. Атам мен әжем, аға мен жеңгем және анам да өз таңдауларын жасады. Мен де ел болашағы үшін алғаш рет дауыс бердім. Биылғы жыл мен үшін осынысымен ерекше болып қалмақ.
АЛЕКСАНДР ОРЛОВ, Қарақоға ауылының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:
– Біз – аға буын өкілдері сайлауға ерте келуге үйреніп қалғанбыз, себебі одан қандай да бір өзгерістер күтеміз. Сайлаушылар отбасыларымен келіп дауыс беріп жатыр. Бұл – қуантарлық құбылыс. Сайлауда көрініс тапқан ұйымшылдық Құрылтай жұмысына да серпін беретіндігіне сенімдімін.
Ағайынды егіздер Ғандалиевтер алғаш рет дауыс берді
Бүгінгі күн қарақоғалық жастар Керім мен Тахир Ғандалиевтер үшін де ерекше естерінде қалмақ. Ағайынды егіздер Қазақстан азаматы ретінде алғаш рет дауыс берді. Қоғамдық өмірде де, спортта да белсенділігімен көзге түскен жастар бүгінгі келулерін кемел болашаққа жасалған нық қадам деп санайды.
ТАХИР ҒАНДАЛИЕВ, Қарақоға ауылының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:
– Құрылтай сайлауы – менің өмірімдегі айтулы оқиғалардың бірі. Әр дауысты әр азаматтың елдің дамуына қосқан өзіндік үлесі деп білемін. Таңдау жасау – жауапкершілік.
КЕРІМ ҒАНДАЛИЕВ, Қарақоға ауылының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:
– Мен үшін қобалжулы сәт. Себебі, таңдауымызға қарай біздің болашағымыз өзгереді. Дауыс берер алдын келесі тараптың ұсынарын мұқият зерттеп-зерделеп алу қажет деп ойлаймын.
Қарақоға ауылында сайлау күні жәрмеңке ұйымдастырылды
Қарақоғалықтардың барлығы 216-шы сайлау учаскесінде дауыс беріп жатыр. Барлығы мыңнан астам адам дауыс беруі тиіс. Атап өтетін жайт, мұнда азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Яғни, терең ойлап, өз таңдауын жасаған азамат жол-жөнекей жәрмеңкеге аялдап, қалаған дүниесін арзан бағаға сатып ала алады.
АЛЕСЯ ШЕСТОПАЛОВА, сатушы, М.Жұмабаев ауданы
– “Жаз сыйы” деген атаумен ұйымдастырғанжәрмеңкеде негізгі азық-түлік өнімдерін ұсынып жатырмыз. Бағасы дүкендерге қарағанда 5 пайызға төмен. Сауда жақсы жүріп жатыр. Сапалы әрі арзан дүниені алам деушілердің қатары қалың.
Аружан Султанова

