Қоғам

Петропавл қаласының құрметті азаматы Анатолий Мишин өмірден озды

Петропавл қаласының құрметті азаматы Анатолий Мишин өмірден озғаны мәлім. Шаһардың, өңірдің дамуына үлес қосқан азамат 86 жасында бақилық болды. Бүгін марқұмды мәңгілік сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Анатолий Иванович Мишин 1940 жылдың 2 тамызында Ресей Федерациясының Белгород облысында дүниеге келген. Алайда, өмірінің көп жылын Қазақстанда өткізді. Петропавл қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Иманғали Татваев марқұмды бұрыннан біледі. Өте жарқын, ақкөңіл және кең пейілді жан болғанын ерекше ілтипатпен еске алады.

ИМАНҒАЛИ ТАТВАЕВ, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
– Құрметті азамат, қаланың азаматы, белгілі адам. Біздің қаламызға, біздің халқымызға көп еңбек етті. Оны өте сыйлаймыз, қала өте құрметтейді. Біздің қаламызға, Петропавлға өзінің “жүрегін” берді. Бүгін өте қайғылы күн. Оны есімізге алып тұрамыз, жүрегімізде мәңгі қалады. Иманды болсын.

Анатолий Иванович қалалық мәслихатта ұзақ жыл қызмет атқарған, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан. Ол тұрғындардың мүддесін қорғап, коммуналдық тарифтерді төмендету мен әлеуметтік көмек көрсету бағытындағы маңызды бастамаларға мұрындық болды.

АЛЕКСАНДР КАЗАНЦЕВ, Петропавл қаласының құрметті азаматы:
– Ол өмірінің 40 жылдан астам уақытын қоғамдық жұмысқа арнады. 8 шақырылымның депутаты болып, қала тұрғындарының жағдайын жақсарту, экономика мен әлеуметтік саланы дамыту үшін үнемі алаңдап, еңбек етті. Өте жақсы, пайдалы істер атқарды. Басқа депутаттарға да үлгі болды.

Анатолий Мишин Президенттің 3 Алғыс хатымен, белсенді депутаттық жұмысы үшін Парламент Сенатының Құрмет грамотасымен марапатталған. Сондай-ақ, ол – “Құрмет белгісі” орденінің иегері.

Жаннур Бектурганова