Kurultai banner mobile

Білім

Жастарды мемлекеттік қызметке тарту тетігі жетілдірілді

Биыл шілденің 1-інен күшіне енген “Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы” жаңа заң мемлекеттік қызметке орналасу тәртібін жеңілдетті. Енді жоғары оқу орнын 3,33 GPA көрсеткішімен тәмамдаған түлектер аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі басшылыққа жатпайтын мемлекеттік лауазымдарға конкурссыз орналаса алады. Бұрын бұл мүмкіндік тек мемлекеттік грантпен білім алғандарға ғана берілсе, енді ақылы бөлім түлектеріне де қолжетімді.

АИДА РҮСТЕМ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО департаменті басқармасының бас маманы:

— Бұл норма бүгінде белсенді түрде жүзеге асырылып келеді. Солтүстік Қазақстан облысында осы тәртіппен жалпы саны 26 түлек мемлекеттік қызметке қабылданды. Оның бесеуі 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында тағайындалған. Сонымен қатар, ауылдық округ әкімдері өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде конкурссыз мемлекеттік қызметке орналасуға құқылы. Мұндай мүмкіндік Президенттік жастар кадр резерві мен өңірлік кадр резервінің қатысушыларына да қарастырылған. Облыстағы өңірлік кадр резервіне енген 19 азаматтың жартысынан астамы басшылық лауазымдарға тағайындалды.

Осы ретте жаңа бастама аясында бағын сынап көргендердің бірі – Мадияр Молдабек. Түркістан облысының тумасы өткен жылы М.Қозыбаев атындағы СҚУ-ды “Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі” мамандығы бойынша тәмамдаған. Түлектің білім деңгейі – 3,4 GPA. Жас маман жуырда мемлекеттік қызметке конкурссыз тағайындалды.

МАДИЯР МОЛДАБЕК, М.Жұмабаев ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:

— Менің жұмыстағы міндеттеріме мәдениет және тілдерді дамыту саласы болғандықтан, өзіміздің аудандағы мәдениет ұйымдарын бақылау, кітапханалар жүйесін ұжымдастыру және оларды жоспарлау. Айлық, жылдық есептерін тексеру болып табылады. Біздің аудандағы мемлекеттік органдардағы тіл саясатында мониторинг жүргізу. Менің бала кезгі арманым – мемлекеттік қызметті көру, себебі менің өзімнің әкем осы жолдан бастаған болатын. Сол себепті, сол кісінің жолын қуып, мемлекеттік қызметті таңдадым.

Заңдағы өзгерістер мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттырып қана қоймай, жас мамандардың кәсіби әлеуетін ел дамуына бағыттауға мүмкіндік беріп отыр.

 

Аружан Сұлтанова