Kurultai banner mobile

Қоғам

Петропавлда Герольд Бельгерге арналған мурал салынды

ЖАННҰР БЕКТҰРҒАНОВА, тілші:

— Бельгер дейміз, білгір дейміз. Қазақ халқы үшін жазушы Герольд Бельгердің орны бөлек. Бұл кісі – қазақ әдебиеті үшін талмай еңбек еткен жан. Мұндай тұлға әрдайым құрметке лайық.

Петропавлда Жамбыл Жабаев көшесі бойындағы тұрғын үйлердің бірінің қасбетінде қазақстандық көрнекті жазушы, публицист және әдебиеттанушы Герольд Бельгердің бейнесі пайда болды. Қаламгер Ресейде дүниеге келген, Қазақстанда өсіп-жетілген, ұлты – неміс. Үш ұлттың мәдениетіне деген сүйіспеншілікті Герольд Бельгер өмір бойы сақтаған. Өнер туындысы қаламгердің 90 жылдық мерейтойына орай салынған. Жобаны жергілікті белгілі шебер Болат Әсербеков жүзеге асырды.

БОЛАТ ӘСЕРБЕКОВ, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:

— Бұл – керамика, ал керамика ескірмейді. 850 градустық пеште кептірілген дүние ешқашан түсін жоғалтпайды және қышқылға да төзімді болады. Жүздеген жыл бойы жарқырап тұра береді.

Герольд Бельгер қазақ, неміс және орыс тілдерінде 60-тан астам еңбек жазыпты. Халық оны Гер аға де атаса, өзі “ұлтым неміс болса да жүрегім қазақ” деп айтқан. Петропавлда жерлес қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы музей-аудитория жұмыс істейді. Мұнда жазушының өмірінен сыр шертетін 200-ден астам жәдігер сақтаулы. Денін қаламгердің жары Раиса Закировна табыс еткен.

АҚНҰР БАЗАРБЕКОВА, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжі Г.Бельгер музей-аудиториясының меңгерушісі:

— Гер ағамыз, Герольд Карлович Бельгер біздің Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданында өмір сүрген. Ата-анасы осы жерде еңбек еткен. Тереңсай ауылының мектебінде тәлім алған. Мектепті қазақ тілінде, “Алтын белгіге” бітіріп шықты. Энгельс қаласынан көшіп келгенде Тереңсай ауылының халқы өте жақсы ниетпен қарсы алған болатын. Соны Гер аға жиі айтады. Әкесі фельдшер болған. Анасы үй шаруашылығымен айналысқан.

Осы орайда қала тұрғындарының пікірін білдік. Мұндай тарихи тұлғаларды ұмытпауымыз қажет, олар құрметке лайық дейді петропавлдықтар. Жазушы 11 жыл бұрын, ақпанның 7-сінде дүниеден озды. Көзі тірі болса биыл 92 жасқа толар еді. Қаламгердің ұрпағы бүгінде Алматы қаласында тұрады.

Жаннұр Бектұрғанова