Қала күні мерекесі аясында өңір басшысы жаңартылған ауланы аралап, тұрғындармен кездесті. Ғауез Нұрмұхамбетов атқарылған жұмыстардың сапасын бағалап, халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесу барысында аулаларды абаттандыру жұмыстарының алдағы уақытта да жалғасатыны айтылды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Жалпы, айтарым, біздің сүйікті қаламыз – тек саябақтар, жайлы аулалар, гүлзарлар мен жолдар ғана емес. Ең бастысы – бұл біздің адамдарымыз. Еңбекқор, шынайы, жанашыр, туған қаласын жүрегімен сүйетін жандар. Сіздердің еңбектеріңіз бен қамқорлықтарыңыздың арқасында Петропал жыл сайын көркейіп, жайлы әрі өмір сүруге қолайлы қалаға айналып келеді. Ортақ шаңырағымыздың гүлденуіне үлес қосып жүрген әрбір тұрғынға шынайы алғысымды білдіремі.
Қонақтарды тұрғындар арнайы сахна құрып, мерекелік дастарқан жайып қарсы алды. Қазақтың дәстүрі бойынша шашу шашылып, балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Тұрғындардың айтуынша, жаңарған аула бүгінде балалардың алаңсыз ойнап, үлкендердің емін-еркін тынығуына мүмкіндік беретін сүйікті демалыс орнына айналған.
Қазіргі таңда абаттандыру жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Енді мердігер ұйым қоршауларды, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін, күркелер және ойын алаңындағы қалған жабдықтарды орнатуы тиіс. Жобаны толық аяқтап, пайдалануға беру алдағы екі апта ішінде жоспарланып отыр.
ЕЛЕНА БОНДАРЕНКО – серіктестік директорының орынбасары:
— Абаттандыру жұмыстары аясында Жуков көшесіндегі 9, 11 және 13-үйлердің ауласы қайта жаңғыртылып жатыр. Осы аула бойынша жобаға сәйкес асфальт жабынын ауыстыру, кеспетас төсеу, сондай-ақ балалар ойын және спорт алаңдарын салу жоспарланған.
Биыл өңірде барлығы 80 аулаға кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл бастама тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, балалар мен ересектерге қолайлы әрі қауіпсіз қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған.

