Kurultai banner mobile

Қоғам

Он бес жылын диспетчерлік қызметке арнаған маман

Петропавлдық Анар Дардың жұмыс күні осылай басталып, осылай аяқталады. Ол – “Қызылжар су” серіктестігі апаттық қызметінің диспетчері. Халық пен ұйымның арасындағы алтын көпір десек те болады. Маманға көбіне машақат көрген көпшілік қоңырау шалады. Әрбірінің мәселесін тыңдап, шешіліне ат салысу оңай іс емес. Дегенмен, бұған қызметкер бой үйретіп алыпты.

АНАР ДАР, “Қызылжар су” ЖШС апаттық қызметінің диспетчері:

— Мен 21 жасымда хабарландыруды көріп, осы жұмысқа орналастым. Алдымен халықпен жұмыс жөніндегі абоненттік бөлімде еңбек еттім, содан кейін орталық диспетчерлік қызметке ауыстым. Жұмысым ұнайды. Қызығы да, қиындығы да бар сала. Мысалы, 2024 жылда болған су апаты кезінде біраз тер төктік, қоңыраулар көп шалынды.

Жұмыста таң атырып, күн батырған кезең артта қалды. Қиын-қыстау шақта аянбаған мамандар халыққа жәрдем берді, жағдайдың тұрақталуына үлес қосты. Мұндай жандардың еңбегі елеусіз қалмауы тиіс. Шілденің 9-ы – Су шаруашылығы қызметкерлері күні Анар Дар марапатқа ие болды.

КҮЛБАРАМ СӘКЕНОВА, “Қызылжар су” ЖШС өндірістік қызметінің үйлестіруші диспетчері:

— Бүгін біздің әріптесіміз Дар Анара Есмағанбетқызы директорымыздың мақтау қағазын алып отыр. Ол 15 жылдан бері “Қызылжар су” серіктестігінде жұмыс істеп келеді. Өте ұқыпты, білікті қыз. Адамдармен сөйлесуі, салмақтылығын да атап өте аламын. Қатарымызда осындай қызметкердің барына қуаныштымыз.

Мұндай марапат – басшылықтың қызметкерге деген құрметінің белгісі. Мамандарды қанаттандырады. Қазіргі таңда “Қызылжар су” серіктестігінде 8 диспетчер жұмыс істейді. Олар 100 мыңға жуық абонентке қызмет көрсетеді.

Аружан Сұлтанова