“Қызылжар” футбол клубы кезекті мәрте жеңіліп, жанкүйерлерді жерге қаратты. Бұл – петропавлдық ұжымның Қазақстан чемпионаты аясындағы бесінші жеңілісі. Теріскейліктер тағы да семейлік “Елімайдың” аяқдоп шеберлеріне қарсы тұра алмады. Қонақтарымыз алғашқы таймның алғашқы минуттарынан азу танытты.
Алғашқы тайм осындай қауіпті сәттерден тұрды. Ойынды жанкүйерлер кірпік қақпай тамашалады.
— “Елімайдың” жанкүйері боламын. Астанадан арнайы келдім”
— Мен – көкшетаулық “Оқжетпестің” жанкүйерімін. “Қызылжардың” жеңгенін қалаймын. Себебі, “Елімай” турнирлік кестеде “Оқжетпеспен” қатар тұр.
— “Қызылжар” бүгін қуантуы тиіс. Біз команданы қандай жағдай болмасын қолдаймыз. Екінші таймда гол күтеміз.
Дегенмен, матчта тіркелген есеп – 0 де 1. Қарсыластарымыз сапынан шабуылшы Роман Муртазаев екінші таймда гол соқты. “Қызылжар” футбол клубы кезекті жеңілістен кейін жаңа бас бапкерін таныстырды. Тізгінді Беларусь елінің өкілі Виталий Жуковский ұстады. Петропавлдық ұжымның ендігі қарсыласы – қостанайлық “Тобыл”. Бұл ойын шілденің 18-і күні “Қарасай” стадионында өтеді.

