Қоғам

Мемлекеттік қызметшілер құрметке бөленді

Бүгін – Қазақстанда Мемлекеттік қызметшілер күні. Осы орайда “Qyzyljar creative” орталығында кәсіби мереке иелері құрметке бөленді. Салтанатты іс-шараға қатысқан облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев мамандарды айтулы күнмен құттықтады.

РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО әкімі аппаратының басшысы:

— Құрметті де қадірлі мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер сіздерді облыс әкімінің атынан кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекеттік қызмет – зор жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Себебі, халықтың әл-ауқаты, еліміздің болашағы әрі оның дамуы тікелей бізге әрі біздің атқарған жұмысымызға байланысты.

Жалпы, өңір тұрғындарына жыл сайын 8 мыңға жуық мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Олардың 95 пайызы онлайн форматта орындалады. Бұның барлығы мемлекеттік қызметшілердің қажырлы еңбегінің арқасы.

ДАРХАН ХАЙРУЛЛИН, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

— Қазіргі таңда облыста 4 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер еңбек етеді. Олардың 88 пайызында жоғары білімі бар. Барлығы білікті әрі өз ісіне адал.

Бүгінгі іс-шарада құрметке бөленген жандардың бірі – Полудино ауылдық округінің әкімі Мәдениет Қалиев. 26 жылдық еңбек өтілі бар азамат “Мемлекеттік қызмет ардагері” төсбелгісімен марапатталды.

МӘДЕНИЕТ ҚАЛИЕВ, Полудино ауылдық округінің әкімі, М. Жұмабаев ауданы:

— 2000-шы жылдары Полудино ауылдық округінің халқы мені әкім лауазымына ұсынды. Сол кезден бері қызмет етіп келемін.

Айта кетейік, іс-шара барысында 30-дан астам маман “Үздік мемлекеттік қызметші”, “Мемлекеттік қызмет ардагері” төсбелгілермен әрі алғыс хат, грамоталармен марапатталды.

 

Ұлан Ыдырыс