Облыс прокурорлары өрескел бұзушылықтың бетін ашты! Аймақтағы 1800-ден астам компания өз қызметкерлерінің мәліметтерін арнайы электрондық базаға енгізбеген. Осының салдарынан 6,5 мыңға жуық адам мемлекеттік цифрлық есепке алу жүйесінде болмаған. Алайда, олар зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды үнемі алып тұрған. Қазақстанда барлық еңбек шарттары электрондық форматта болуы қажет. Тиісті заң 2020 жылы күшіне енген. Ағымдағы жылдың 12-ші наурызынан бастап елімізде бұл жайтқа немқұрайлы қараған тұлғаларға айыппұл салынады. Шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдарға – 60, орта бизнеске – 80, ал ірі бизнес өкілдеріне 150 АЕК көлемінде ақша төлеуге тура келеді. Қайталап бұзылған жағдайда сома 80-нен 200 АЕК-ке дейін өседі. Прокурорлар барлық тәртіп бұзушы компаниялардың тізімін Мемлекеттік еңбек инспекциясына тапсырды.