Алина Ушакова – талай талантты ашқан, ерікті ретінде талай адамға көмек қолын созған жан. Алайда, бүгінде оның өзі қолдауға мұқтаж. Оған дәрігерлер асқазан қатерлі ісігінің екінші сатысы диагнозын қойған. Жерлесімізге көмек көрсету мақсатында Жастар сарайында қайырымдылық концерті өтті. Игі шараға жиналған қауымда есеп жоқ.
НАТАЛЬЯ КУСАИНОВА, “Қуанамын” халықтық би студиясы ата-аналар қауымдастығының өкілі:
— Алина Валерьевна – өте жарқын әрі жанашыр жан. Оның бастамасымен балаларға да, ересектерге де арналған көптеген концерт ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ол өз қаражатына қаңғыбас үй жануарлары мекендейтін “Белый бим” атты орынды салуға көмектесті. Кейін нысанды су басып, олар бірнеше рет қоныс аударуға мәжбүр болды. Қазіргі таңда Алина Валерьевна “Исаково баспанасындағы” жануарларға жәрдемдесіп тұрады.
Белгілі хореографтың денсаулығына шәкірттері де алаңдаулы. Кристина Дудочкина “Қуанамын” халықтық би студиясына төрт жасынан қатысады. Жас дарынды Алина Валерьевна сахнаға алып шығып, тұсауын кесіпті. Соның барлығын көз алдына келтірген биші ұстазын қатты сағынғанын, қайта оралғанын асыға күтетінін айтады.
КРИСТИНА ДУДОЧКИНА, “Қуанамын” халықтық би студиясының әртісі:
—Ол – өте жақсы адам. Әрдайым бізге көмек көрсетеді. Алина Валерьевна – біз үшін жәй ғана хореограф емес, баршамызға қымбат әрі жақын адам. Оны ұжым болып сағындық. Жалынды сәлем жолдаймыз, тезірек қайта оралғанын қалаймыз.
Алина Ушакованы қолдауға әріптестері түгел келген. Солардың қатарында “Дружные ребята” ансамблінің ұжымы да бар. Кеште ең кішкентай тәрбиеленушілері де, тәжірибелі өнерпаздары да сахнаға шықты..
САМАТ ЖҰМАЖАНОВ, “Дружные ребята” ансамблі ер балалар сыныбының ұстазы:
— Алина Валерьевнамен көп жылдан бері таныспыз. Бала кезімде облыстық мәдениет орталығында бимен айналыстым, содан бері танимын. Қазір әріптеспіз, бір ғимаратта бірге еңбек етіп келеміз. Осындай қиын сәтте шетте қалмай, оған қолдау білдіруді жөн көрдік. Алина Валерьевнаның тезірек сауығып кетуін тілейміз.
Шығармашылық кештен 1 миллион 703 мың теңге жиналды. Осындай қайрымдылық концерт маусымның 6-шы және 8-ші жұлдыздарына да белгіленген. Сонымен қатар, “Қуанамын” халықтық би студиясы өнерсүйерқауымды 14-ші маусымда өтетін есеп беру концертіне шақырады. Шарадан түскен барлық қаражат Алина Ушакованың еміне бағытталады.