ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:
— Кез келген жерде халық саны артса, әлеуметтік нысандарға деген сұраныс жоғарылайды. Бұл – заңды құбылыс. Тайынша ауданында Теңдік деген ауыл бар. Тұрғындардың тұрмысы жақсы. Биліктен қолдау бар. Мысалы, қазір елді мекендегі Мәдениет үйі жөнделуде.
Іргетасы 1984 жылы қаланған нысан – ауыл халқының бас қосатын басты рухани ошағы, мәдениет пен өнердің алтын бесігі. Сондықтан ғимаратты заман талабына сай жаңғырту үшін мұнда ауқымды күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Ғимараттың шатырын ауыстыру, ішкі әрлеу және инженерлік желілерді ретке келтіру жұмыстарын «Нұр XXI» серіктестігі атқаруда. Мұндағы акт залына 200-ге жуық адам сыяды. Нысанның жалпы ауданы мың шаршы метрге жуықтайды. Ғимарат ішінде 3 жұмыс бөлмесі мен 9 арнайы секция залын қосқанда барлығы – 26 бөлме толықтай заманауи кейіпке енбек.
АЖАР МҰХАНБЕТАЛИНА, Теңдік ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы, Тайынша ауданы:
— Аталған жұмыстар ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және жастардың мәдени өмірге белсенді қатысуына жол ашады. Мәдениет үйінің жаңаруы – ауыл келбетінің көркеюіне, елді мекеннің рухани тынысының жандануына бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасуда.
Айта кеткен жөн, бүгінде Теңдік ауылында 300-ге жуық тұрғын бар, ал жалпы ауылдық округте 425 адам тұрады. Жергілікті мектепте білім алып жатқан 100-ге жуық оқушы – ауылдың ертеңгі болашағы. Міне, осы жастар мен ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуде бұл мәдениет ошағының атқарар рөлі зор. Күрделі жөндеуден кейін мұнда
қазақ күресі, садақ ату, шахмат пен дойбы, тоғызқұмалақ, бесасық пен бестас, сондай-ақ би және домбыра үйірмелері жаңа қарқынмен жұмысын жалғастырады.
Жангельді Жамалиев