Аптадағы маңызды жаңалықтарСҚО әкімдігі

СҚО әкімі жұмыс сапарымен Аққайың ауданында болды

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Аққайың ауданында болды. Сапардың басты мақсаты – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын, көктемгі егіс науқанының барысын және инфрақұрылымдық нысандардың жай-күйін бағамдау. Облыс әкімі алдымен өсімдік шаруашылығымен айналысатын «Крафт Агро» серіктестігінің егіс алқабына барды. Нысан басында аймақ жетекшісі облыс бойынша көктемгі дала жұмыстарының жалпы көрсеткіштері мен алдағы жоспарларға тоқталды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Облыс бойынша көктемгі дала жұмыстарының 72%-ы тындырылды. Бүкіл алқаптың 3 млн гектарына тұқым себілді. Оның ішінде дәнді дақыл көлемі 1 млн 900 мың гектарды құрайды. Сіздердің аудандарыңызда да жұмыстың 80 пайызы орындалып, науқан мәресіне жақындап қалды.

«Крафт Агро» серіктестігінің егістік алқабы 12 мың гектарды құрайды. Биыл 6 жарым мыңына бидай, 4 мың гектарына майлы дақылдар себілген. Қалғанына нарықта сұранысқа ие қызыл жасымық тұқымы сіңірілуде. “Мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында алынған жеңілдікті несиелер мен субсидиялар көктемгі дала жұмыстарын оңтайлы мерзімде жүргізуге мүмкіндік берді”,- дейді серіктестік директоры Асылбек Тлеубаев.

АСЫЛБЕК ТЛЕУБАЕВ, «Крафт Агро» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

— Биыл да “Кең дала-2” мемлекеттік бағдарламасы аясында көктемгі дала жұмыстарына қажетті айналым қаражатын толықтырдық. Қазіргі таңда алқаптың 80 пайызына тұқым себілді. Екі-үш күнде бидай мен зығыр егуді толық аяқтаймыз. Топырақта ылғал жеткілікті, ауа райы да қолайлы болып тұр, сондықтан бәрін уақытында тындырып үлгереміз.

Шаруашылықта аграрлық жұмыстарды бақылау үшін ғарыштық технологиялар мен цифрлық жүйелер енгізілген. Кәсіпорын басшылығы биыл тәжірибе ретінде арнайы үш алқапты бөліп, көпжылдық спутниктік суреттерді негізге алды. Бұл жүйе топырақтың құнарлылық деңгейін анықтап, тұқым мен минералды тыңайтқышты әр учаскеге нақты мөлшерде себуге мүмкіндік береді.

Бұдан кейін облыс әкімі Тоқшын ауылындағы жаңа өрт сөндіру бекетінің дайындығын тексерді. Нысан мемлекет пен бизнестің серіктестігі аясында жергілікті кәсіпкерлердің демеушілік қаражатына жаңғыртылған. Мұнда заманауи әкімшілік ғимарат жөндеуден өтіп, арнайы техника тұратын жылы гараж жасалған. Бекетте 5 өрт сөндіру техникасы бар. Мамандар Тоқшынмен қатар жақын жердегі 2 елді мекенге қызмет көрсетеді.
Ауыл тұрғындары нысанның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңыздылығын атап өтті.

Бұдан соң облыс әкімі Камышлово ауылына аялдады. Мұндағы жаңа медициналық пунктті жергілікті іскер азаматтар өз қаражатына тұрғызған. Кейін мемлекет ғимаратты дайын күйінде сатып алды. Нысан заманауи құрал-жабдықтармен және емшара бөлмелерімен толық жарақтандырылған. Өңір басшысы медициналық пункттің бөлмелерін аралап, құралдардың сапасы мен емдеу жағдайын бағамдады. Ауылдық жерлерде алғашқы көмек көрсету сапасын арттыру – негізгі міндеттердің бірі.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Әр елді мекенде осындай ауылдық медициналық пункт міндетті түрде болуы керек. Неге десеңіз, ауылдарымызда халық тұрады, балалар бар, үлкен кісілер бар. Олардың барлығы бүгінде сапалы медициналық көмекке мұқтаж.

Аудан орталығы Смирново ауылында облыс әкімі ірі агрологистикалық хабтың құрылыс барысымен танысты. «ИKEA ТАС-Групп» серіктестігіне тиесілі элеватор кешені бір мезгілде 60 мың тонна астық өнімін қабылдап, сақтауға қауқарлы. Стратегиялық нысанның құрылысына биыл 1,5 млрд теңгеге жуық инвестициялық қаражат бағытталған. Алдағы уақытта мұнда диірмен іске қосылып, өнімді сыртқы нарыққа делдалсыз экспорттау жоспарлануда.

ҒАБДОЛҚАПАР БӘРИ, «ИкеаТассГрупп» ЖШС өкілі, Аққайың ауданы:

— Бұл терминалдың жалпы өңірімізге және ауыл шаруашылығы саласына тигізер пайдасы зор. Мысалы, өнім осы жерде контейнерге артылатын болса, шаруалар үшін 1,5 мыңнан 3 мың теңгеге дейін үнем жасауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, салық та осы жерде төленеді. Орташа есеппен алғанда бір жылдың ішінде шаруалар тек жүк арту жұмыстарының өзінен 30 млн теңгеге дейін қаржы үнемдей алады. Бұдан бөлек, салықтың жергілікті жерде төленуі өңір экономикасына да оң әсерін тигізеді.

Аудан аумағындағы көлік инфрақұрылымын дамыту және жол сапасын жақсарту шаралары да тексерілді. Қазіргі уақытта “Астраханка – Алексеевка” тасжолының 16 шақырымнан астам учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мердігер – “Қызылжар Жолдары KZ” серіктестігі. Бұл мақсатқа биылға бюджеттен 941 млн теңге бөлінген.

САЯТ СӘДУАҚАСОВ, “Қызылжар Жолдары KZ” ЖШС директоры:

— Бұл автожол учаскесінің стратегиялық маңызы өте жоғары. Биылға жоспарланған жұмыстарға арнайы техника мен жұмыс күші толық жұмылдырылды. Қазіргі таңда іс қарқынды жүруде, жолдың негізін дайындап, қиыршық тас төсеп жатырмыз. Жұмыс кесте бойынша жүріп жатыр.

Жалпы аудан бойынша жолдарды жөндеуге барлығы – 1 жарым млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.

ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

— Биыл аудан бойынша жөндеу жұмыстарымен 33 шақырымнан астам жолды қамтып отырмыз. Бұл тек облыстық маңызы бар жолдар емес, ауыл ішіндегі көшелер де бар. Осы жобалар толық аяқталған кезде Аққайың ауданындағы сaпалы жолдардың үлесі 92 пайызға жетеді.

Осы ретте өңір басшысы мердігер мекемелерге жұмыс қарқынын төмендетпей, техникалық талаптарды қатаң сақтауды тапсырды.
Мұнымен қоса, өңір басшысы Аққайың аудандық орталық ауруханасына барып, медициналық ұйымның материалдық-техникалық базасымен танысты. Емдеу орнына аудан бойынша 16 жарым мыңнан астам адам қаралады.

РИНАТ ҮЛМЕСЕКОВ, Аққайың аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:

— Демографиялық көрсеткіштер бойынша өңірде оң динамика байқалады. Атап айтқанда, туу көрсеткіші 9,2%-ға артты. Өлім-жітім деңгейі 3%-ға төмендеді. Ана өлімі мен нәресте өлімі тіркелген жоқ. Туберкулез ауруы бойынша 2024-2025 жылдармен салыстырғанда 5 жағдайға азайғаны байқалады. Ал жалпы өлім-жітім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалды.

Сапар соңында Ғауез Нұрмұхамбетов аудан тұрғындарымен кездесті. Жиында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, бюджеттің орындалуы және алдағы жоспар қаралды. Биылғы жылдың алғашқы айларының қорытындысы бойынша Аққайың ауданында негізгі экономикалық бағыттарда тұрақты өсім тіркелген. Әсіресе, өнеркәсіп пен инвестиция тарту бағытында серпін бар.

ЖАНАР ҚҰСАЙЫН, Аққайың ауданының әкімі:

— Осы жылдың басынан бері аудан экономикасы тұрақты дамуда. Барлық салаларда көрсеткіштердің өсімі байқалады. Ауыл шаруашылығы саласында 111%, инвестиция тарту және құрылыс бойынша 117%, өнеркәсіпте 135% және сауда саласында 102%. Аудан бюджетінің шығыстары 4,3 млрд теңгені құрайды.

Айта кету керек, жиын соңында облыс әкімі аудан басшылығына өндірістік көрсеткіштердің өсімін сақтап, әлеуметтік нысандар мен жол құрылысының сапасын жіті бақылауда ұстауды тапсырды.

Жангельді Жамалиев