Қоғам

Әйел қауымының саясаттағы рөлі талқыланды

Жуырда елордада “БҰҰ-әйелдер” құрылымының бастамасымен нәзікжандылардың көшбасшылық әлеуетін арттыруға бағытталған тренинг өтті. Бұл басқосу ел өміріндегі ірі саяси реформаларға орай ұйымдастырылды. Мәселен, шілденің бірінен бастап жаңа Конституция күшіне еніп, мемелекетте бір палаталы заң шығарушы орган құрылмақ. Құрылтай сайлауы өткізілмек. Бұндай кезеңде әйелдер қауымының саяси, экономикалық және әлеуметтік салалардағы рөлін айқындап, оларға қолдау көрсету маңызды. Осы орайда облыс орталығында әйелдерге арналған форум ұйымдастырылды.

ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ заң ғылымдарының кандидаты:

— Бүгінгі таңда Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің арасында әйелдердің саясаттағы белсенділігі бойыша 5-ші орында тұр. Еліміздің Үкіметі мен заң шығарушы органдарындағы нәзікжандылардың үлесі небәрі 20%-ды құрайды. Салыстырмалы түрде айтсақ, Өзбекстанда бұл көрсеткіш 40%-ға жуықтады. Сол себепті, бүгінгі іс-шараның арқасында Солтүстік Қазақстан әйелдерінің белсенділігін көтермекшіміз.

Басқосу барысында әйелдердің елдің қоғамдық-саяси өміріндегі рөлі сөз болды. Спикерлер сайлау науқандарын сауатты жүргізудің қыр-сырымен бөлісіп, білімдерімен бөлісті. Әйелдердің әлеуетін қоғамдық істердегі ғана емес, кәсіпкерлік пен халықаралық деңгейге шығудың мүмкіндіктері айтылды.

МАРИЯ ГЕЙН, қоғам белсендісі:

— Біз қыз-келіншектерге арналған көптеген тренинг пен ауқымды шаралар өткіземіз. Нәзікжандылардың рухын көтеріп, олардың қоғамда атқаратын рөлдерінің маңыздылығын көрсетеміз. Тіпті, кәсіпкерлік саласында даму арқылы ертеңгі күні БҰҰ секілді халықаралық ұйымдарға дейін көтерілуге болатынын және ол үшін қандай қадамдар жасау керектігін егжей-тегжейлі түсіндіреміз.

Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметіне сүйінсек, қазіргі таңда Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілердің жартысынан көбін әйелдер құрайды. Алайда, олардың арасында жоғарғы басқарушылық, шешім қабылдаушы лауазымдардағы үлесі әлі де болса төмен. Оған көбіне уақыт тапшылығы, қоғамдағы стереотиптер және өз күшіне деген сенімсіздік кедергі болады дейді сарапшылар. Сондықтан, белсенділер қыз-келіншектерге қолдау көрсету мен бағыт-бағдар беру шараларын алдағы уақытта да жалғастырмақ.

Жаннұр Бектұрғанова