М.Қозыбаев университеті қабырғасында педагогикалық форум өтуде. Жиынға студенттер, оқытушылар, қалалық мектеп ұстаздары мен директорлары қатысуда. Іс-шара барысында күні бойы түрлі іс-шаралар, кездесулер, шеберлік сабақтары өтетін болады.
АЙГҮЛ НҰРПЕЙІСОВА, Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма мүшесі:
— Форумның басты мақсаты – білім жүйесі мәселелерін талқылап, заманауи инновациялар негізінде ортақ шешімге келетін кәсіби диалог алаңын құру.
Сонымен қатар, форум барысында Академиялық адалдық лигасын өңірдегі мектептерге енгізу мәселесі де қарастырылды. Аталмыш жоба 2018 жылдан бері Қазақстанның ЖОО-да тиімді жұмыс істеп келеді. Жобалық кеңсе жетекшісі Нұргүл Нұрланның сөзінше, енді бұл бастаманы орта білім беру мекемелерінде қолға алу қажет.
НҰРГҮЛ НҰРЛАН, Академиялық адалдық лигасы жобалық кеңсесінің басшысы, Астана қаласы:
— Біздің басты мақсатымыз – Академиялық адалдық лигасының орта білім беру мекемелеріне арналған стандартын теріскейлік мектептерге енгізу. Қазіргі күні Академиялық адалдық лигасына мүше ЖОО көп. Бірақ онда білім алатын студенттердің кейбіреуі пара беріп, емтиханды көшіріп жазады. Себебі, олар мектепте бұл әдеттерін жиі жасайтын еді. Осыған байланысты мәселені күре тамырынан жойған дұрыс деп санаймын.
Аталған тың жобаны Петропавлдағы А.Байтұрсынұлы атындағы №9 орта мектеп ұжымы өз жұмысына енгізбек ниетте. Қазіргі күні онда 1400-ден астам оқушы білім алады.
ГҮЛДЕН ӘЛЕНОВА, А.Байтұрсынұлы атындағы №9 орта мектеп директоры:
— Балалар сапалы білім алуы тиіс. Сол себепті, білім беру мекемелерінде, көз қысты бармақ басты әрекеттерді болдырмау қажет. Осы орайда Академиялық адалдық лигасының тимділігі жоғары болмақ деген ойдамын.
Сонымен қатар, форум барысында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Оған 600-ден астам студент қатысты.
Ұлан Ыдырыс