Білім

Балабақша қызметкерлерінің эмоционалдық жай-күйін анықтайтын жүйе

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы жұмыс асқан кәсібилікті, сабырлықты талап етеді. Балаға тәлім мен тәрбие беру – бір мәселе, ал үйдегі ортаға әбден үйренген ұл-қыздардың көңілін аулау, олардың іс-әрекетіне шыдау – екінші мәселе. Осы жайтқа байланысты Петропавлдағы “Балдәурен” бөбекжай-бақшасында кездесу өтті. Аталған мекеме ұжымның эмоционалдық жағдайын тұрақты негізде анықтау үшін елде жоқ бастаманы қолға алды. Бүгінде мұндағы кабинеттерде жасанды интеллектпен жабдықталған бейнекамералар жұмыс істеп тұр.

МӘДИНА ДАРБАЕВА, “Балдәурен” бөбекжай-бақшасының директоры:
– Балабақшамызда 64 цифрлық камера бар. Оның 35-іне жасанды интеллект қосылған. Тәрбиешілердің микроэмоцияларын көріп, сақтайды. Апталық, айлық есеп береді. Қыркүйек айынан бастап жеке мұғалімге және жалпы ұжымға қорытынды есеп жасайды.

Осы есеп негізінде маманның қаншалықты күйзелісте жүргені, демалысты қажет ететіндігі анықталады. Кейін мұндай қызметкерлер балабақшадағы эмоционалдық қалпына келтіру кабинетіне жүгінеді. Бұл жерде педагогтер психологиялық қолдау алады, арнайы тренингтерге қатысады. Арнайы бөлмеде массаж креслолары, демалыс орындықтары бар, тыныштандыратын әуендер де қосылады.

БАЛДЫРҒАН ІЛИЯСОВ, “Баларман” ЖШС директоры:
– Технологияның дамыған кезеңінде бұрынғыдай жұмыс жасау қиын. Бүгінгі таңда ұстаздарға жүктелетін мәселе аз емес. Келіп жатқан ақпарат көп. Балаға, оқушыға оның бәрін саралап жеткізу – үлкен жауапкершілік. Сондықтан, бүгінгі көріп отырған жобамыз – білім берушілерге жағдай жасау деп білемін.

Бірегей жобаның құжаттарын Оқу ағарту министрлігі сұратқан. Егер бастаманың тиімділігі шын мәнінде дәлелденсе, тәжірибе 1-ші қыркүйектен бастап республика көлемінде таратылмақ