Петропавлда мүмкіндігі шектеулі жандар арасында жыл сайын ұйымдастырылатын “Үміт” спартакиадасының ашылу салтанаты өтті. Дәстүрлі жарысқа биыл қаламыздың және облыстың 13 ауданынан келген 350-ге жуық параспортшы қатысуда. Олар спорттың 8 түрі бойынша сайысқа түседі.
ВЯЧЕСЛАВ ЛАТЫШЕВ, спартакиаданың бас төрешісі:
— Сайысқа тірек-қимыл аппараты зақымданған, көру қабілеті нашарлаған, құлағында мүкісі бар жандар қатысады. Жарыс Александр Винокуров атындағы спорт сарайы мен “Қарасай” стадионында өтіп жатыр. Параспортшылар үстел теннисі, бочча, пауэрлифтинг, жеңіл атлетика, мүгедектер арбасын шебер басқару, дойбы мен шахмат сынды бәсекелерде үздіктерді анықтайды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге марапат табыс етеміз. Ең үздік команда көшпелі кубок қанжығалайды.
Сайыстың өтуіне ұйытқы болып отырған – облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы. Басшы Қарлығаш Рамазанованың сөзінше, қазіргі таңда өңірде мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Сайыстар да ұдайы өтіп тұрады.
ҚАРЛЫҒАШ РАМАЗАНОВА, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
— Спартакиада өзінің бастауын 90-шы жалдары алған. Биыл ол 28-ші рет өткізіліп отыр. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Аудандарда спорт кешендері бой көтеруде. Сол себепті, біз алдағы уақытта “Үміт” спартакиадасын аудан орталықтарында өкізуді жоспарлап отырмыз.
Дәстүрлі сайысқа қатысып отырған жанның бірі 2-ші топтағы мүгедек Иван Залезняк. Туғалы тағдырдың тауқыметін тартып келе жатқан батыл азамат 15 жылдан бері жеңіл атлетикамен айналысады. Ол – ядро лақтырудан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Тіпті, 2022 жылы Параазияда ойындарында қола жүлдеге де ие болған.
ИВАН ЗАЛЕЗНЯК, спартакиадаға қатысушы, Петропавл қаласы:
— Кезекті ашылу салтанатына қатысқаныма қуаныштымын. Ядро лақтыру – өзіміне ұнайтын, оң жамбасыма келетін спорт түрі. Жаңа дайындығымды сынадым. Көрсеткіштер жаман емес. Енді ақтық қорытындыны күтемін. Спартакиада – мен үшін шеберлігімді шыңдайтын, әзірлігімді жақсартатын дода. Маусым айында Тунис еліне аттанамын. Ол жақта ядро лақтырудан әлемдік гран-при өтеді, топ жаруды көздеп отырмын.
“Үміт” спартакиадасы 2 күнге жоспарланған. Бүгін жарыстың финалистері анықталады, ал ертең бас жүлделер сарапқа салынатын болады. Айта кетейік, сайыс қортындысы бойынша республикалық спартакиадада өңір намысын қорғайтын құрама жасақталады.
Ұлан Ыдырыс