Қоғам

М.Жұмабаев ауданының тұрғындары жаппай ағаш екті

Елімізде өткен жалпыреспубликалық акцияға Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғындары да үн қосты. Олар Булаево қаласының маңына жиылып, республикалық маңызы бар автожолдың бойына 5 мың қарағай көшетін отырғызды. Шараға аудандық әкімдік өкілдері, еңбек ұжымдары, зейнеткерлер мен жастар қатысты.

РАХАТ СМАҒҰЛОВ, М.Жұмабаев ауданының әкімі:

— Былтыр Булаево қаласында “Таза Қазақстан” акциясы аясында ауқымды жұмыс атқарылды. Ондаған сенбілік өткізіліп, елді мекен аумағы күл-қоқыстан тазартылды. Барлығы – 22 мыңнан астам ағаш отырғыздық. Биыл бұл көрсеткішті одан әрі арттыруды жоспарлап отырмыз. Жүйелі жұмыс алдағы уақытта жалғасын табады.

Көнекөз қариялар да өскелең ұрпаққа үлгі боларлық игі іске атсалысты. Оларға суық ауа райы мен сіркіреп тұрған жаңбыр еш кедергі емес. Барлығының жүздерінде – күлкі мен қуаныш.

СЕРГЕЙ ЗАЕВ, зейнеткер, М.Жұмабаев ауданы:

— Табиғатты аялау, өзіңді аялаумен тең. Егер қоршаған ортамыз тап-таза, ағашқа толы болса денсаулығымыз да оң әсерін тигізері сөзсіз. Аға буын өкілдері мұндай шаралардан қалмайды. Бір-бірімізді хабардар етіп, өз пайдамызды тигізіп тұрамыз. Жастарға да үлгі боларымыз айдан анық.

Әуеде – әуезді ән, ал қолда – ағаш егетін арнайы құрал мен күрек. Аумаққа жиналған жұртшылық жұмыла жұмыс істеуде. Олар отырғызылған көшеттерді бірден суаруда. Шараға аудан жастары да белсенді қатысты.

АЗАМАТ АХМЕТОВ, Булаево мектеп-балабақша-бақша кешенінің оқушысы:

— Шараға сыныптастарыммен бірге келдік. Мектеп оқушылары да жиналған. Акцияның өтетіні жайлы ұстаздарымыз айтты. Игі бастамаға қатысуды парызымыз деп санаймын. Мұндай шараларға былтыр да қатыстық. Табиғаттың гүлденуіне титтей де болсын үлесімді қосқым келеді.

“Жұмыла көтерген жүк көңіл”. Бұл күні Мағжан Жұмабаев ауданының 2 мыңнан астам тұрғыны 20 мың қарағай көшетін отырғызды.

Нұрасыл Ахмет