Петропавлда “Қымбатты Есіл өңірі” атты жас ақындар байқауы өтті. Шалқар шабыт иелерінің додасына облыстың түкпір-түкпірінен келген оқушылар қатысты. Соңында қазылар алқасы үздіктерді анықтап, туған жердің табиғатын жырға қосқан жас таланттарды марапаттады. Байқауда топ жарғандардың бірі – ерке Есілге тамсанып, ойға келген шумақтарды қағаз бетіне түсірген Балауса Нұрлан. Жас ақын қалам тербер алдында өлкеміздің тарихы мен табиғатынан шабыт алыпты.
БАЛАУСА НҰРЛАН, “Парасат” мектеп-лицейінің оқушысы, Қызылжар ауданы:
— Менің өлеңім Есіл өзені туралы. Тақырыбы – “Сұлу Есіл”, “Өзімнің бар білгенімді, бойымдағы туған жерге деген махаббатымды қосып, өлең жаздым”, “Мұғалімім осындай байқау бар дегенде қарап қала алмадым. Бірден қатысуға келістім.
Марапаттау шарасы бұдан кейін экология мен өлкетану бағыттары бойынша өткен облыстық олимпиадаға ұласты. Білім додасы Солтүстік Қазақстан облысының 90 жылдығына және өңірдің белгілі өлкетанушысы Вера Яворскаяның құрметіне арналды.
ОЛЬГА МИХАЙЛОВА, Вера Яворскаяның қызы, Краснояр негізгі мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:
— Анамды еске алу мақсатында осы олимпиаданы екінші жыл қатарынан өткізіп отырмыз. Анам – өлкемізді шын сүйетін, бар ғұмырын оны зерттеуге арнаған жан. Биыл қатысушылар саны екі есеге артқаны қуантады. Талантты ұл-қыздардың шығармаларын жиып, жинақ шығарғым келеді. Туған жерге деген сүйіспеншілік сезімі оқушылардың жүрегінде мәңгі сақталса деймін.
Сандарға тоқталайық. Биыл олимпиадаға 100-ге жуық оқушы қатысса, ақындар байқауында 43 бала бақ сынады. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылардың атынан марапаттар табысталды.
Жаннұр Бектұрғанова