Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

СҚО-да асфальтбетон зауыттары тексерілуде

Жол активтері сапасының ұлттық орталығы құрылыс маусымы алдында облыстағы асфальтбетон зауыттарға тексеріс жүргізуде. Мамандар бүгін Есіл ауданындағы “Қызылжар жолдары KZ” серіктестігінің асфальтбетон зауытында болды. Мониторинг барысында кәсіпорындағы жабдықтар мен қолданылатын материалдардың сапасы тексерілді. Сонымен қатар, жұмыс процесіне де ерекше назар аударылды.

АРМАН ТҰРАСИМОВ, “Жол активтері сапасы ұлттық орталығы” РМК СҚОФ бөлім басшысы:

— Материалдың жай-күйінен бастап қоспа шыққанға дейінгі жұмыс барысын бақылаймыз. Сондай-ақ, техникалық талаптардың сақталуы мен рұқсат қағаздардың бар-жоғын тексереміз. Көп жағдайда кәсіпорындарда әкелінген материалдың сапасы бойынша олқылықтар анықталып жатады. Қандай да бір кемшіліктер болса, біз аудандық әкімдік пен жергілікті органдарға хат жолдаймыз. Өндіріс орны 15 күннің ішінде барлығын қалыпқа келтіруі тиіс. Олай болмаса, жұмыс тоқтатылатын болады.

“Қызылжар жолдары KZ” серіктестігінің асфальтбетон зауыты 2023 жылы ашылған. Кәсіпорында 20-дан астам адам еңбек етеді. Қыс бойы өндіріс орнына асфальт жасауға қажетті материалдар жеткілікті көлемде әкелінген. Сондықтан да мұнда жұмыс қызу жүріп жатыр.

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

— Асфальтты жасап шығару үшін қиыршық тас, битум, инертті материал және минералды қоспалар қажет. Сапалы өнім шығуы үшін осылардың барлығы менің артымда тұрған зауытта жеткілікті мөлшерде араластырылады. Айта кету керек, кәсіпорын жылына 200 мың тонна асфальтбетон өндіреді екен.

Бұл – кәсіпорынның зертханасы. Мұнда асфальтбетонның дайын қоспасы бірнеше кезеңдік тексерістен өтеді. Бастапқыда құм, қиыршық тас және битум сапасы тексеріледі. Одан кейін қоспаның құрамындағы материалдардың нақты өлшемі талданады.

СӘКЕН МҰХТАРОВ, “Қызылжар жолдары KZ” ЖШС асфальтбетон зауыты зертханасының басшысы:

— Қиыршық тастар жалпақ болмауы тиіс. Ол жолдың сапасына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар, тастың мықтылығына да ерекше мән береміз.

Айта кету керек, қазіргі таңда облыста 30 асфальбетон зауыты бар. Кәсіпорындар өңірдегі жол құрылысымен айналысатын серіктестіктерді асфальтпен жеткілікті көлемде қамтамасыз етіп отыр. Айта кету керек, орталық мамандары 3 күннің ішінде 11 кәсіпорынды тексеріп үлгерген.

 

Нұрасыл Ахмет