Қоғам

№17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде технология кабинеттері ашылды

Петропавлдағы №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде технология кабинеттері ашылды. Біреуі ұлдарға арналса, екіншісі қыздарға тиесілі. Жаңа әрі жайлы сыныптарда оқушылар ерте жастан кәсіби бағдар алып, еңбекке бейімделе бастайды. Ал кейбірі өздерінің бойындағы қабілетті дамытады.

ЛӘЗЗАТ ЖАЛМҰҚАНОВА, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры:

— “Жұмысшы мамандықтары” жылына орай біз осы екі кабинетті ашып отырмыз. Жаңа кабинеттер арқылы оқушылар сапалы білім алып, болашақта мамандықтарын таңдауда септігін тигізеді деп үміттенеміз. Біздің мектепке колледждерден жұмысшы мамандықтарына қатысты мамандар келіп отыр. Олар кабинеттер жайлы өз пікірлерімен бөліседі және техниканы қалай пайдалану керектігін көрсетеді.

Жеке-жеке тоқталсақ. Қыздарға арналған кабинетте тігін шеберханасы мен ас дайындау бұрышы қарастырылған. Бұл жерде оқушылар ісмерліктің қыр-сырын меңгерумен қатар, тағам дайындау және дастарқан жаю мәдениетін үйренеді. Ал ұлдардың бөлмесі заманауи станоктармен, арнайы аппаратурамен жабдықталған. Осы арқылы балалар техникалық ойлау қабілетін дамытып, инженерлік дағдыларды игереді.

АНГЕЛИНА ГОЛОВАЧЕВА, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы:

— Мен тігіншілікті жақсы көремін. Әуелде еңбекке баулу пәні мұғалімінен киім-кешек тігіп үйрендім. Ал жаңа технология кабинетінің ашылуымен мүмкіндігіміз арта түсті. Енді күрделі жұмыстармен айналыса аламыз. Соған қуанышым шексіз.

Қоса кету керек, кабинеттерде интерактивті тақталар, жаңа жиһаз, арнайы жұмыс киімдері мен заманауи компьютерлер орнатылған. Оқушылар жұмыс барысында электронды нобай сызып, 3D модельдер мен сызбалар әзірлеуге де мүмкіндік алды. Білім ордасында 2 мыңға жуық оқушы білім алуда.

Жаннұр Бектұрғанова