Облыстық полиция департаменті арнайы жедел әрекет ету жасағының инспекторы Дарина Білденованың полицияда жұмыс істеп жүргеніне 7 жылдан асқан. Батыр қыз әкесінің жолын қуыпты. Басты мақсаты – Отанға адал қызмет ету, елдің тыныштығын күзету. Нәзікжандының сөзінше, арнайы жасақта еңбек ету оңай емес. Асқан ұқыптылық пен төзімділікті қажет етеді. Кей кезде күшейтілген режимде жұмыс істеп, үй бетін көрмей кететін кездер де болады екен.
ДАРИНА БІЛДЕНОВА, СҚО ПД арнайы жедел әрекет ету жасағының инспекторы:
— Үнемі жаттығу жасаймыз. Бірінші күні физикалық дайындықтан өтсек, екінші күні тапанша атамыз. Аталған қызметке алғаш келген кезде қатты қиналдым. Бірақ, ерік-жігерім мен әріптестерімнің қолдауының арқасында үйреніп кеттім. Арнайы жасаққа іріктеуде тек бойы 170 см-ден жоғары, заң тұрғысынан білімі бар азаматшаларға басымдық беріледі. Ең кемі спорт шеберлігіне үміткер болу керек. Өзім бірнеше жыл бойы кикбоксингпен айналысамын. Талай мәрте республикалық жарыстарда топ жардым.
Арнайы жедел әрекет ету жасағы қыздарының қауырт қызметі мен ерліктері көп жағдайда айтыла бермейді. Қыздардың өмірі қауіп-қатерге толы. Алда не күтіп тұрғанын білмейсің. Айта кету керек, Дарина Білденова Дубай қаласында өткен халықаралық жарыста Қазақстан әйелдер құрамасының сапында болып, жеңіске жетуге зор үлес қосты. Батыр жерлесіміздің өнерін Мемлекет басшысы жоғары бағалап, арнайы орден табыс еткен болатын.
ДАРИНА БІЛДЕНОВА, СҚО ПД арнайы жедел әрекет ету жасағының инспекторы:
— Сайыс бес кезеңнен тұрды. Бірінші күні автоматты қару және тапаншамен жұмыс істедік. Екінші күні ғимаратқа шабуыл жасадық. Жарыста жылдамдық пен тапсырманың орындалу сапасына ерекше мән берілді. Халықаралық жарыста алғаш өнер көрсетуім. Әрине, толқу болды. Бірақ, сынақтан сүрінбей өттік. Жалпы есепте 109 үздік команданың ішінде 18-ші орын иелендік. Бірнеше ерлер құрамасын артқа тастадық.
Қар жастанып, мұз төсеніп елін қорғаған Әлия мен Мәншүктің ізбасары Дарина Білденова әріптестері арасында сыйлы. Олар батыр қыздың жұмысын жоғары бағалайды.
ДАНИЯР СӘКЕНОВ, СҚО ПД арнайы жедел әрекет ету жасағының нұсқаушысы:
— Ел намысын қорғаған Даринаға бәріміз тілеулес болдық. Халықаралық жарысқа дайындық 6 айға созылды. Дарина – айтқанынан қайтпайтын, қайсар қыз. Жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайды. Адамгершілігі де мол. Осындай әріптесіміз барына өте қуаныштымын.
Қазіргі таңда облыстық полиция департаментінде 400-ден астам әйел еңбек етеді. Оның 20 пайызы – жоғары шенді нәзікжандылар.
Нұрасыл Ахмет