Арманымыз орындалды. “Бірлік” ауданынан берекелі үйге ие болған жандар осылай дейді. Каськовтар отбасына кіреберісте тұрған бірінші үй бұйырды. Ерлі-зайыпты қызы, қос жиенімен бірге су жаңа баспаналарына бүгін-ертең жайғасады. Қазір кең үйін аралап танысып жатыр. Бұл үйді “Зерттеу” серіктестігінің құрылысшылары салған.
Бұл отбасы Ойқалада 33 жыл бойы тұрған екен. Тасқын кезінде баспаналарының тас-талқаны шығыпты. Жөндеуге жарамсыз деген жаңалықтан кейін араға уақыт салып жап-жаңа үйге ие болып отыр. “Қуаныш сезімі кеудені кернеп тұр”,- дейді нәзікжанды.
ЛАРИСА КАСЬКОВА, қала тұрғыны:
– Өзім жер үйде тұрғанды жақсы көремін. Жаңа үйдің келбеті де, сапасы да көңілімізден шықты. Кең, жайлы, жарық. Жап-жаңа үйді неге жарқыратып қоймасқа?! Есік алдына гүл, жеміс-жидек егемін.
Косогорда 20 жыл тұрған Анашкиндер жанұясы да қоныстойын тойлағалы отыр. Оларға да бүгін жаңа үйдің кілті табыс етілді. Ерлі-зайыптылар 35 жылдықтарын осы үйде атап өтпек.
СВЕТЛАНА АНАШКИНА, қала тұрғыны:
– Бүгін алғыстан басқа айтар сөз жоқ. Мемлекет қиын кезде бізді жалғыз қалдырған жоқ. Осы ретте облыс әкімі мен қала басшысына ризашылығымды білдіремін.
Еске сала кетейік, бүгін 50-ден астам отбасыға жаңа үйдің кілті табыс етілді.
Гүлден Сембаева