Көпті қуантқан қоныстой. Бүгін су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналып салынған баспаналардың бір легі қолданысқа берілді. Қуаныш иелерін облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бүгін – барлығымыз үшін қуанышты күн. Тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың алғашқы легі жаңа қонысқа ие болады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай жаңа үйлер салынуда. Қаржы бөлген демушілерге және тез арада баспананы тұрғызған құрылысшыларға алғыс айтамын. Зардап шеккендер үшін биыл қиын жыл болды. Жамандықтың бәрі артта қалсын. Жаңа үйде тек береке мен бақыт орнасын. Қоныс құтты болсын!
Бұл баспаналар ынтымақ пен еңбектің нәтижесінде бой көтерді. Іске бүкіл ел ат салысты. Сондықтан, теріскей халқы үшін бұрыннан “Солнечный” атауымен таныс бұл аудан енді “Бірлік” деп аталатын болады. Осы орайда өңір басшысы іске білек сыбана кіріскен кәсіпорын басшыларына құрмет көрсетіп, Алғыс хатпен марапаттады.
Көптен күткен сәтке де кезек келді. Ғауез Нұрмұхамбетов біртіндеп тасқыннан зардап шеккен 53 отбасыға үйдің кілтін табыстады.
Қоныс тойын тойлаушылардың ішінде Тучиндер отбасы бар. Олар кілтті қолдарына алғаннан кейін ырым бойынша баспанаға мысық кіргізді. Су тасқынына дейін бұл жанұя Хромзауыт ықшам ауданында 30 жылдан астам уақыт бойы тұрған. Өңір басшысы Тучиндердің үйіне кіріп, жасалған жағдаймен танысты.
Ойқала ауданының тұрғыны Оразғали Әлдекеев те баспаналы болды. Отағасы бір-екі күнде жанұясымен жаңа ауданға көшіп келмек.
ОРАЗҒАЛИ ӘЛДЕКЕЕВ, қала тұрғыны:
– Бүгін – өте қуанышты күн. Біз әйелім және балам мен жаңа үйге кіріп отырмыз. Іші жарық, таза әрі жылы. Ішінде жиһазға дейін бар. Тоңазытқыш, кір жуатын машина, үстел мен төсек-орын қойып берді. Арманымыз орындалды.
Жаңа “Бірлік” ауданына күн сайын өң кіріп, құлпырып жатыр. Мұнда әлеуметтік нысандар да бой көтереді.
Ақжүніс Мұқатай