Бүгін Оқушылар сарайында ауыл мұғалімдері сертификат алды. Сертификат 50 ұстаздың “Microsoft Teams” жобасын меңгергендігін растайды. Ермек Махметов Шал ақын ауданының орталығынан келіп отыр. Математика пәні мұғалімінің айтуынша
жоба қашықтықтан оқыту барысында біраз пайдасын тигізген.
ЕРМЕК МАХМЕТОВ, К.Салықов атындағы орта мектеп мұғалімі, Шал ақын ауданы:
– Бағдарламаның тиімділігі – қашықтықтан оқытылған кезге оқытушы мен оқушының арасындағы арақашықтықты жақындата алады және кері байланыс жасауға болады. Microsoft Teams-те оқушыларды бірінші командаға құрып тіркейміз, кейін жіберілген логин-парольдар арқылы кіріп, ішінде бекітілген тапсырмаларды орындайды. Сол арқылы өзіміз кіріп, тексеріп отыра аламыз.
Жобаны қашықтықтан оқыту барысында ғана емес, оффлайн түрде де қолдана беруге болады. Бұл әдісті теріскейлік мұғалімдер 2022 жылдан бастап меңгеріп жатыр.
ЖАЙНАГҮЛ ОСПАНОВА, «Microsoft Teams» жобасының СҚО бойынша жетекшісі:
– Жобаның мақсаты – шағын жинақталған мектептердің арасында виртуалды педагогтерді даярлау. Біздің өңірде 6 пән арасынан мұғалімдер таңдалып, 330 педагог онлайн форматта білім алды. Жұмыс барысында қиындықтар болды. Ол – бірінші аутентификация жасау, ұялы телефон мен компьютердің арасын және оқушылар мен педагогтердің арасын байланыстыру қиынға соқты.
Бұл жобаны ауылды жерде қолдану үшін жақсы интернет керек. Өңірде сәуір айынан бастап 160-тан астам ауылдық мектепте ғаламтор сапасын арттыру жұмысы жүріп жатыр.
Мәдина Қаби