Елімізде “Кең дала-2” бағдарламасының танымалдылығы артып келеді. Бұған дейін сан мәрте айтылғандай, аталған жоба аясында көктемгі және күзгі жұмыстарға 5 пайыздық үстемеақымен ғана несие беріледі. Бұл кез келген ауыл шаруашылығы саласы өкілін қызықтырары айдан анық. Қуанышымызға орай, биыл мемлекет фермерлерге ұсынылатын қаражат көлемін әжептәуір арттырды.
МАРЛЕН НӘБИЕВ, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
– 140 млрд теңге фермерлердің қажеттілігін жаппайды. Сол себепті, қосымша 300 млрд теңге бөлініп жатыр.
Тағы бір жағымды жаңалық бар. Енді диқан Аграрлық несие корпорациясынан ғана несие алады. Бұрынғыдай берешек үшін бір ұйымның, субсидия үшін екінші ұйымның есігін қақпайды. Қағазбастылықтың ауылы алыстады, “жоғары пайызбен займ рәсімделеді” деген күдік те жойылды. Кепілдік мәселесіне бөлек тоқталуымыз қажет. Мұнда да өзгеріс бар.
МАРЛЕН НӘБИЕВ, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
– Бұрын фермер 100 пайыздық кепіл ұсынды. Қазір қарыздың 15 пайызына ғана кепіл қажет. Қалған 85 пайызды “Даму” қоры кепілдендіреді.
Сала өкілі су жаңа бағдарламаның жай-жапсарына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, өңір диқандарын тиімді мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды.
Байболат Құлтанов