Экология

Қалада қоқыс жиналды

Қызылжарды одан әрі құлпыртамыз! Бүгін облыс орталығында 100 адам бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарды. Олар “Таза Қазақстан” республикалық акциясы аясында шаһарды күл-қоқыстан арылтты. Ортақ іске қатысқандардың арасында үлкендер де бар. Аға буын қаланың көрікті болғанын қалайды.

ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Адамның ең бірінші жүрегі таза болуы керек. Кейін оның ауласы таза болуы қажет. Бұндай жанды патриот деп атауға болады. Еліміздің Президенті айтып өткендей, бұл шара – халықты біріктіру. Іске халық болып ат салысып жатырмыз.

Әдетте шаһардың орталық бөлігі жиі жиналады. Бүгін акция қатысушылары шетке шығуды жөн көрген. Олар Жуков көшесінің бойын ретке келтірді. Қоқыс жетерлік. Жер-жерде қалдықтар жатыр. Өкінішке қарай, мұның барлығы өзге емес, адам қолымен жасалды.

БІРЖАН ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, «Жастар рухы» ЖҚ СҚОФ төрағасы:

– Қаланың шет жақтары қоқыстанған. Барлық жерді қамтуға тырысамыз. Бірақ, бізден бөлек қаншама ұйымдар бар. Олармен бірлесіп бұл акцияны әрі қарай жалғастыратын боламыз.

Бүгін “Таза Қазақстан” республикалық акциясы аясында еліміздің әр өңірінде тазалық шарасы өтті. Игі бастама күзге дейін жалғасын табады. Яғни, қоршаған орта мен қаланың келбетіне бейжай қарамайтын адамдар тағы жиналады. Олар өз қатарларына патриот жандарды шақырады.

 

Гүлден Сембаева