Ауыл шаруашылығы

Облыс әкімінің бірінші орынбасары диқандармен кездесті

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов өңірдің 3 ауданында жұмыс сапарымен болды. Тайынша мен Аққайың аудандарының шекарасында отар қой жайылып жүр. Еділбай тұқымды тұяқтылар “Аманат” шаруа қожалығына тиесілі. Олар шөбі шүйгін өлкеге жақында ғана Ақтөбе және Батыс Қазақстан облысынан жеткізілді.

ШОҚАН ӘЛЖАН, “Аманат” ШҚ басшысы, Тайынша ауданы:

– Қойдың әр басын 80 мың теңгеден алдық. Субсидия төленді. Әр басқа 15 мың теңден алдық.

Көп ұзамай бұл аумақ қоршалады. Шопандар үшін шағын үйшік қойылған. Шаруашылық иесінің мақсаты – өңірде асылтұқымды Шопан ата төлінің санын арттыру.

БЕРІК ӘЛЖАНОВ, Тайынша ауданының әкімі:

– Бұл жоба бойынша 5 мың қой алынды. Жайылым жақсы жерде орналасқан. Болашақта бұл қойлар мал санын арттыру үшін облыс ішінде сатылады.

Шамамен 80 шақырым жерде көктемгі дала жұмыстары қызу жүріп жатыр. Тайынша ауданындағы “Вишневское” серіктестігіне қарасты алқапта бір емес, бірнеше заманауи егіс кешені төбеге шаң көтерген. Мұнда облыс әкімінің бірінші орынбасары жергілікті диқандармен кездесті. Жүздесуде Марат Тасмағанбетов агроқұрылым басшыларына тың мемлекеттік қолдау жайлы кеңінен баяндады.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Мемлекет небәрі 5 пайыздық үстемеақымен іскер жандарды қаржылай қолдаудың жаңа түрін ұсынып отыр. Тың бағдарлама аясында облысқа 84 млрд теңге бөлінген. Ақшаны егіс және орақ науқаны кезінде пайдалануға болады. Алу шарттары өте қарапайым. Несиені рәсімдеу кезінде 85 пайызын “Даму” қоры кепілдендіреді. Яғни, диқан 15 пайызға ғана кепілзат ұсынады. Ал қарызды қайтару жайына келсек, берешекті 1 жылдың ішінде өтеуге болады.

Танап басына жиналған тайыншалық жер емген диқандар мемлекеттік қолдаудың тиімді екенін бірауыздан айтты. Қолдаудың жаңа түріне ниет танытып жатқандар баршылық. Бүгінгі күнге дейін 14 млрд теңге рәсімделген. Сүт пісірім уақыт ішінде жетуге болатын Ясная Поляна ауылында заманауи тауарлы-сүт фермасы орналасқан. Марат Тасмағанбетов шетелден мал жеткізіліп, заманауи жабдықтар қойылған кәсіпорынның жұмысымен танысты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ақжар және Уәлиханов аудандарына да барды. Мұнда да өндіріс орындарын аралады, шаруалармен кездесті, алдағы күзде мол өнім алу жөнінде тілегін де білдірді.

 

Байболат Құлтанов