Ауыл шаруашылығы

Жамбыл ауданында егін егу науқаны қызу жүруде

Жамбылдық диқандар күннің суығына қарамастан егін науқанын біртіндеп еңсеріп келеді. Қазірдің өзінде белгіленген меженің 50 пайызына дән себілген. Айта кету керек, биыл аймақ бойынша 323 мың гектар алқапқа егін салу жоспарланып отыр. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рүстем Дүйсенбеков егіс науқанында ауа райынан басқа ешқандай кедергі жоқ дейді. Жанармай да, тұқым да жеткілікті.

РҮСТЕМ ДҮЙСЕНБЕКОВ, Жамбыл ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Жамбыл ауданында биыл егіншілікпен айналысатын 239 кәсіпкер бар. Биыл 238,7 мың гектар дәнді дақыл, 66,4 майлы дақыл себуді жоспарлап отырмыз. Ауа райы жақсы болса, 15 күнде барлығын аяқтай аламыз.

Ауа райының суық болғанына қарамастан орайын тауып, көптен оқ бойы озық келе жатқан шаруашылықтардың бірі – “Шатило и К”. Олар биыл 37 мың гектардан астам аумаққа дән сіңіргелі отыр.
Тең жартысын егіп тастаған. Үлкен ұжымда 250-ден астам адам тынымсыз еңбек етуде.

ОЛЕГ АДАМ, “Шатило и К” ЖШС директоры, Жамбыл ауданы:

– Былтыр барлық дақыл бойынша гектарына 15 центнерден өнім алдық. Екі ауысыммен жұмыс істейміз. Осыдан 4 жыл бұрын рекортық өнім алған алған болатынбыз. Биыл да сол нәтижені қайталамақ ниеттеміз.

Аталған шаруашылықта 20 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан механизатор Юрий Толстов ауа райының құбылмалы болуы біздің өңір үшін үйреншікті екенін айтады. Науқанды сәтті аяқтау үшін қолайлы сәттерді ұтымды пайдалану керек дейді. Өз ісінің нағыз маманы ауылдағы бар адамға тұрақты жұмыс барына қуанады.

ЮРИЙ ТОЛСТОВ, механизатор, Жамбыл ауданы:

– Бізге бұл жерде барлық жағдай жасалған. Айлығымызды кешіктірмейді. Тек жұмыс істесек болғаны. Биыл былтырғыға қарағанда ауа райы қолайлы болып, жақсы өнім аламыз деп ойлаймын.

Аудан бойынша егін науқаны айдың соңына дейін аяқталады.